Петропавлда ауаны ластаған қоғамдық көліктерге айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс полицейлері мен экологтар қоғамдық көліктерге қатысты рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экологтармен бірге жолаушылар тасымалдайтын көліктерді тексерді. Арнайы құрылғы қозғалтқыштағы ауаны ластайтын заттардың деңгейін көрсетеді. Өкінішке орай, нәтиже көңіл қуантарлық емес. Газ мөлшері өлшенген 6 автобустың 5-інде түтін шамадан тыс шығарылған. Бір көлікте көрсеткіш 5 есе, енді бірінде 16 есе көп болған.

«Жүргізушілер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы «Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» бойынша жауапкершілікке тартылды. Ауаны ластайтын заттардың көлемі 2 есе көп болса, ескерту, ал одан көп болса 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Құқық бұзушылар айыппұлдарын 7 тәулікте өтейтін болса, тең жартысын, яғни 1 АЕК төлейді. Сондай-ақ, жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін көлік құралдарының техникалық жағдайы тексеріледі. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш аптасы ішінде техникалық байқаудан өтпеген 350-ге тарта автокөлік анықталды. Рейс алдындағы байқаудан төрт автобус жүргізушісі өтпеген», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.

Іс-шара басталғалы облыс жолдарында жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірудің 9 мыңнан астам дерегі анықталды.


Соңғы жаңалықтар