Петропавлда атты полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз етуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдың саяжайларындағы тәртіпті қадағалау мақсатында бір тәулікте 16 атты полицей кезекшілік атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, атқа қонған полицейлер саяжай учаскелерінде бір айдан бері тәртіпті қадағалап келеді. Заречный мен Мичурино, Солнечный мен Новопавловка ауылдарының маңында ондаған қауымдастық пен мыңдаған саяжай бар. Бұл жердегі жолдардың кейбірінен автокөлік өте алмайды, тасқын судың кесірінен кей жолдарды су шайып кеткен. Салт атты сақшылар патрульдік көліктер өте алмайтын жерде кезекшілік атқарады.

«Соңғы кездері ұрлық-қарлық біршама азайды. Бұрын полицияны жиі шақыратынбыз. Өйткені бір ғана күзетші болғандықтан ол барлығын аралап үлгермейтін. Біздің қауымдастығымызда ғана 630 саяжай бар. Бізді полиция қызметкерлері күзеткеннен бері ұрлықтар мүлдем тыйылды», - дейді «Ранетка» қоғамдастығының саяжайшысы Алексей Мироедов.

Алайда екі күннің бірінде көңіл көтеруге келіп, спирттік ішімдік ішкендер жұрттың мазасын алады екен. Мұндайларды атты сақшылар көлік патрульдеріне тапсырады. Тәртіп сақшыларына қойылған басты міндет - заң бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындармен байланыс орнатып, жағдайдан хабардар болып отыру. Өз қызметтерін тиімді атқару үшін полиция қызметкерлері саяжайларды бес саусағындай білуі қажет.

«Жаз мезгілі басталғалы атты патруль өз жұмысын бастады. Біздің басты мақсатымыз - құқық бұзушылықтарды болдырмау және қылмыстардың алдын алу. Біздің аумағымызға Солнечное, Заречное, Новопавловка, Мичурино саяайжары кіреді, яғни 4 бағыт бойынша кезекшілік етеміз. Құқық бұзушылық анықталса, әкімшілік хаттама толтырып, тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргіземіз», - дейді Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальоны кавалерия взводының қызметкері Игемберді Балтабаев.

Полиция қызметкерлерінің учаскелерде кезекшілік етуі нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны едәуір қысқарған.

Соңғы жаңалықтар