Петропавлда ашық жатқан кәріз құдықтары аз болмай отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Қауіпсіз қала» респуликалық акциясы аясында «JAS OTAN» Жастар қанатының ұйымдастыруымен ашық жатқан кәріз құдықтарын анықтау мақсатында рейд өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қауіпсіз қала» республикалық акциясы 6 қаңтар күні ел бойынша бастау алды. Бұл науқаннан Қызылжар өңірі де шет қалмай, іс-шараға жастардан басқа құтқарушылар, түрлі мекеме өкілдері мен еріктілер – 40-қа жуық адам қатысты.

«Петропавлда 4 бағыт бойынша біздің еріктілер, жастар рейдке шықты. Қала көшелерін аралап, тұрғындарға қауіп тудыратын орындарды анықтауды мақсат еттік. Біз ашық жатқан кәріз құдықтарын тауып, тиісті мекемелерді хабардар етеміз. Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде жазба қалдырып, халықты науқанға белсене қатысуға шақырдық. Тұрғындар 4 мекен жайды көрсетіп, фотоларын салды», - дейді «JAS OTAN» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев.

Петропавлдағы Жамбыл көшесіндегі 272 үйдің ауласында кәріз құдығы линолеуммен жабылған. Оның өзі шіріп кеткен. Түнгі уақытта абайсызда біреу басып кетсе, жарақаттанары сөзсіз. Ал облыс орталығындағы №43 қалалық орта мектептің жанындағы ашық құдықты сол жердің тұрғындары ағаш бұталарымен белгілеп қойған. Бірақ оның ойын баласына тоқтау болмасы анық.


«Мен күнде бұл жерден немереммен өтемін. Оны жалғыз өзін мектепке жіберуге қорқамын. Мынау құдық балалардың жолында тұр. Біз оны үнемі айналып өтеміз», - дейді қала тұрғыны Любовь Каримова.

Ашық жатқан кәріз құдықтары – көптеген қалаға ортақ мәселе. Қазан айының соңында Петропавлда құтқарушылар ашық құдыққа құлаған 83 жастағы зейнеткерді аман-есен алып шыққан еді.

«Қауіпсіз қала» республикалық акциясы 15 қаңтарға дейін жалғасады. Осы аралықта жиналған мәлімет тиісті мекемелерге жіберіледі.



Соңғы жаңалықтар