Петропавлда арнайы қызметтер қауіпті инфекциялық аурулармен күресуге әзір ме?

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы теміржол вокзалында арнайы қызметтердің қауіпті инфекциялық аурулармен күресуге дайындығын пысықтаған оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша безгек ұстаған жолаушы №623 пойыз арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға жетті. Теміржол қызметкерлері мен дәрігер-инфекционистер пойыз тоқтап тұрған уақытта сырқатқа медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, бір вагонды толығымен зарарсыздандырып үлгеруі тиіс. Мамандар бірден іске кірісті. Санаулы минутта барлық қажетті іс-шараны атқарып үлгерді.

«Сценарий бойынша безгек ұстаған сырқат жолсерікке өзінің ауырып тұрғанын айтады. Жалпы мұндай жағдайда әрқайсының атқаратын жұмыс кестесі бар. Жолсерік бірден пойыз жетекшісіне хабар береді, ал ол өз кезегінде барлық қызметтерді хабардар етеді. Сырқаттың кіммен байланыста болғаны анықталып, қажетті зертханалық сынамалар алынады. Әрине ол бірден ауруханаға жеткізіледі», - дейді Көліктегі қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының Көкшетау бөлімшесінің жетекшісі Болат Нұрмағамбетов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2019 жылдың 1 наурызына дейін әлемде Денге безгегін жұқтырғандардың саны 11 мыңнан асып кеткен. 133 сырқат қайтыс болған.

СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде жыл басынан бері Денге безгегін жұқтырғандар саны 7 адамға жетті. Шеттен келген қауіпті инфекциямен солтүстікқазақстандықтар соңғы рет 2017 жылы ауырған екен. Денге безгегін ол кезде Тайланд пен Вьетнамда болғандар әкелген.

Департамент мамандары шетелге шықпас бұрын ондағы эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысуға кеңес береді. Елімізде басқа мемлекетке жол жүретіндерге екпе жасалмайды. Сол себепті әр адам жеке басы қауіпсіздік ережелерін сақтағаны абзал. Ең қарапайымы - шыбын-шіркей, кенеге қарсы репелленттерді қолдану.

Соңғы жаңалықтар