Петропавлда анықталған қаңғыбастардың басым дені 30-44 жаста

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда күннің суытуына байланысты полицейлер күнделікті рейд өткізіп, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының жинау тобы қызметкерлері қаңғыбастарды анықтау үшін күнде рейдке шығады. Мобильді топ күндізгі сағат 15.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Полицейлер кезбелер жиі шоғарланатын жылу трассаларын, кәріз құдықтарын, қоқыс тастайтын жерлерді, шағын базарларды, вокзалдарды тексереді.

«Түнде ауа температурасы – 10 градусқа дейін жетеді. Үйсіз-күйсіз жүргендер үсікке шалынбас үшін және жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында әр жерден жиналған қаңғыбастарды Жұмысшы кентінің шетінде орналасқан түнгі түнеу бөлімшесіне түнеуге жеткіземіз. Бірақ ең алдымен олар із-түзсіз жоғалғандар базасы, қылмыс жасағаны үшін іздестірудегі және басқа да есептер бойынша тексеріледі. Жыл басынан бері іздеуде жүрген 5 адамды анықтадық, олардың біреуі қылмыскер, төртеуі түрлі құқық бұзушылықтарды жасауда күдіктілер», - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы қабылдау-тарату орнының бастығы Адай Смаилов.

Жыл басынан бері қалалық полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ 192 адамды, оның ішінде 139 ер адам мен 53 әйелді есепке қойды. Анықталған қаңғыбастардың басым бөлігі – 30 бен 44 жас аралығындағылар, осындай барлығы 81 адам ұсталды. 18 бен 29 жас аралығындағы – 39, жасы 45-тен асқан 21 адам анықталған.

Адай Смаиловтың айтуынша, жалпы жыл басынан бері қабылдау орнына 1609 адам жеткізілген. Оның 192-сі соттың санкциясымен орналастырылғандар. Егер тұрғындар тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың жиналғанын көрсе, онда 8 (7152) 52-92-99 телефоны бойынша қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 102 нөміріне хабарласа алады.


Соңғы жаңалықтар