Петропавлда алимент төлемейтіндерді жұмысқа орналастыру жәрмеңкесі өтті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жұмыспен қамту орталығында алимент бойынша борышкер 111 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру мақсатында облыс орталығында бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараны Петропавлдың жұмыспен қамту орталығы, прокуратура және жеке сот орындаушылары бірлесіп ұйымдастырды. Мақсат – алиментін төлей алмай жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыру. Бұл жолы шаһардың 5 кәсіпорны құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салалары бойынша вакансиялар ұсынды.

«Жұмыспен қамту орталығында 111 борышкер жұмыссыз ретінде есепте тұр. Оларға міндетті түрде жәрмеңкенің өтетіндігі туралы хабарлама береміз. Сондай-ақ өздігінен жұмыс таба алмай жүрген жағдайда орталыққа келіп, тіркелуді ұсынамыз. Ұсыныстарымызды қабылдамаған жағдайда сот орындаушылары борышкерлерге шара қолданады. Яғни егер де борышкер ұсынылған жұмыстан өз еркімен бас тартса оның үстінен қылмыстық іс қозғау немесе борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберіледі.

ҚР ҚК 139-бабы бойынша бас бостандығынан айырылады немесе бостандығы шектеледі, айыппұл төлеуі мүмкін», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Асан Мәткәрімов.

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда осындай 190-ға жуық ұсыныс құқық қорғау органдарына жіберілген. Оның 12-сі бойынша борышкер мен өндіріп алушының арасында татуласу және берешектің толық қайтарылуына байланысты қылмыстық іс қысқартылды. Бір адамға айыппұл салынды, екі адамның бас бостандығы шектелді, 8 адамның ісі сотта қаралып жатыр, тағы бір іс сот қарауына жолданды.

Прокуратура кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүдделерін қорғайды, яғни алимент өндіріп алуды бақылауда ұстайды. Прокуратура органдарының араласуынан кейін биыл 71 борышкер жұмысқа орналасқан. 36 млн теңге берешек қайтарылған. Алимент төлеуден қашып жүрген 48 адам әкімшілік, екеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Жалпы СҚО-да қазіргі уақытта алимент бойынша 6 мыңнан астам борышкер бар, оның жартысының берешегі жұмыс орнынан еңбекақысынан ұсталынады. 190-ы алимент төлеуден қашып жүр.


Соңғы жаңалықтар