Петропавлда алғаш рет 18 қабатты үйлер салынбақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласының даму жоспарымен бөлісті. Облыс орталығында апатты үйлер бұзылып, алғаш рет 18 қабатты тұрғын үйлер салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов бүгін Петропавл активіне жаңа қала әкімін таныстырды. Бұл қызметке Ғабит Мүсірепов ауданының бұрынғы әкімі Болат Жұмабеков тағайындалды. Өңір басшысы қаланың жаңа әкіміне нақты міндеттер жүктеп, Петропавлды дамыту бойынша жоспарлармен бөлісті.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, апатты үйлерді сүру - жаңа қала әкімінің басты міндеттерінің бірі. Облыс орталығында апатты және ескі үйлер алынып, орнына жаңа баспана салу жұмыстары жалғасын табады.

«Біз ескі үйлердің орнына жаңа баспана салып, тұрғындардың жағдайын жақсартып жатырмыз. 600 ескі үйді бұзып, оның орнына 2 мыңнан аса пәтер салынып жатыр. Ескі үйлердің тұрғындары жайлы пәтерлерге ие болды. Былтыр 3 апатты үй құлатылды. Қазір Петропавлда 17 апатты үй болса, оның төртеуі биыл бұзылып, алынады», - деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов Болат Жұмабековке құрылысқа да қарқын қосуды тапсырды.

«Бізде бар жағдай жасалған. Қалаға кіре берісте ыңғайлы құрылыс алаңы бар. Горький көшесін дамыту керек. Бізге көпқабатты үйлер салған абзал. 18 қабатты үйлерді тұрғызамыз. Қала биікке қарай дамуы керек. Бұл - әлемдік тенденция. Жаяу жүргіншілер және ландшафт дизайны бар алаңдар жасау керек. Ескі шағын аудандарды алып, орнына жаңа баспана салған жөн. Қаланың бас жоспары 12 жыл бұрын жасалған, яғни ескірді. Біз әр шағын ауданның даму жоспарын жасаймыз», - деді облыс әкімі.

Қала тұрғындарының қоғамдық көлік жағдайына көңілдері толмайды. «Өңір басшысы автобустарды жаңарту керек», - дейді. Жыл соңына дейін қала көшелеріне он шақты заманауи автобус шығады.

«Жуырда жаңа автобустарды сынақтан өткіземіз. Олар төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы, желдету жүйесі бар, «Евро-5» стандарына сай. Жаңа автобусты қала көшелерінде жүргізіп көреміз. Егер де барлығы ойдағыдай болса, биыл лизингке 30-50 автобус сатып аламыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Қаланы абаттандыру да маңызды сұрақтардың бірі. Көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, аулаларды жөндеу - биыл да жалғасын табады. Аулаларды жөндеу жұмыстарына биыл 500 млн теңге бағытталады. Осы жұмыстың аясында балалар және спорттық 60 алаңқай қойылады. Былтыр 8 саябақ абаттандырылды, биыл тағы 4 саябақты көркейту жоспарда бар. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаларына 10 шағын футбол алаңы салынады.

null

Соңғы жаңалықтар