Петропавлда әлеуметтік желі қаһарманы атанған курсант марапатталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда әлеуметтік желідегі бейнеролик арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген курсант елеусіз қалмай, марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санжар Ақанұлы бір сәтте желі «жұлдызына» айналды. ҚР Ұлттық ұланының Академиясында білім алатын 2 курс курсанты өзінің әлеуметтік бейнероликке кейіпкер болғанын білмей қалған. Тек көшеде көмек сұраған бойжеткенге көмектесіп, оны жәбірлеушісінен қорғамақ болыпты.

«Сол күні демалыс алып көшеге шыққан едім. Бір қыз жақындап, «Көмектесіңізші, ол мені ұрады» деді. Мен Отан қорғаушымын, әрі отбасындағы тәрбием жай өтіп кетуге жібермеді. Барынша қорғауға тырыстым», - дейді Санжар Ақанұлы сол күнді еске алып.

Нәтижесінде актерлер бұл көріністің алдын-ала ойластырылған әлеуметтік зерттеу екенін айтқан, курсантқа мән-жайды түсіндірген. Сондай-ақ, азаматтық мінез танытқанына алғыс білдірді.

Санжар Ақанұлын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы орынбасарының атынан алғыс хатпен және Ұлттық ұлан Академиясы бастығының грамотасымен әскери оқу ордасының жетекшісі Артур Тоқышев табыс етті.

Әскери форма киген жігіттің батылдығы көпті тәнті етті. Оның әрекеті қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды. Бүгінде бұл бейнеролик 5 млн астам қаралған.


Соңғы жаңалықтар