Петропавлда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы тұрақты. Сұйық май, картоп пен қанттың бағасы шамамен 1-2% арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында азық-түлік бағасы талқыға түсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің жетеуінде баға 2018 жылдың желтоқсан айынан өзгермеген. Олар: 1-сұрыпты ұннан пісірілген нан,1-сұрыпты жұмыртқа, майлылығы 72,5 % сары май, сәбіз және тұз. Ал картоп - 2,9%, қант - 0,9%, сұйық май - 1% және макарон өнімі 1,9% арзандаған. Ұн, күріш, айран, ірімшік, тауық еті, сарымсақ пен қырыққабаттың бағалары керісінше 5-56 теңгеге дейін қымбаттады.

«19 тауардың ішіндегі 17-сінде бағалар республика бойынша орташа бағадан аспайды. Қаңтар-наурыз аралығында Петропавлдағы 29 қайта өңдеу кәсіпорны 14,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бағаны тұрақты ұстау үшін бұл кәсіпорындар өнім көлемін ұлғайтуы тиіс. Бұдан басқа Петропавл қалалық әкімдігі мен негізгі сауда кәсіпорындарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау жөнінде меморандумға қол қойдық», - дейді Петропавл қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Евгения Сальникова.

Қазір Петропавл қаласында әр апта сайын 8 сауда орталығында баға мониторингі жүргізіледі. Облыстың тұрақтандыру қорында 38 тонна сәбіз, 485 тонна картоп, 2,5 тонна таразылық жарма, 6 мың өлшеп-буылған орама жарма, 13 тонна қант және 7 мың литр сұйық май сақталған.

Мамандардың айтуынша, әр аптаның демалыс күндері Петропавлдағы төрт ірі сауда орнында ауылшаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан 44-і өтіп, 57,4 млн теңгенің азық-түлігі саудаланды.

Соңғы жаңалықтар