Петропавлда «ақылды» құрылғылар жол ережесін бұзудың 700-ден астам дерегін тіркеді
2022 жылғы 20 қаңтар 20:50

Петропавлда «ақылды» құрылғылар жол ережесін бұзудың 700-ден астам дерегін тіркеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 20 күннің ішінде автоматты құрылғылар арқылы жол ережесін бұзудың 700-ден астам дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктайғақ, көлік кептелісі кезінде асығыстық және көлік жүргізушілерінің жол үстінде немқұрайлық танытуы – қала ішіндегі жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатады. Жүргізушілерді тәртіпке салуға, олардың жол жүрісі қағидаларын бұзбауына автоматты тіркеу-бақылау құрылғылары да үлесін қосып келеді.

Қазір Петропавлдағы көшелердің 7 жол айрығында жол қозғалысын бұзуды автоматты тіркейтін жүйе жұмыс істейді, оған 43 тіркеу камерасы қосылған.

СҚО Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, көлік көп жүретін Астана-Интернационал, Назарбаев- Абай, Ж.Жабаев-Интернационал көшелерінің қиылысында үш «Интегра» жүйесі орнатылған. «Интегра» бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету және тоқта сызығынан асып өтуге қатысты ереже бұзушылықтарды тіркейді. Ғ.Мүсірепов-Ж.Жабаев, К.Сүтішев-М.Жұмабаев, Ж.Жабаев-Партизан және Назарбаев-Интернационал көшелерінің қиылысында төрт «Мираж» жүйесі орнатылған. «Мираж» жүйесі де жол-көлік қозғалысының өрескел бұзушылықтарын, атап айтқанда: бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету және жылдамдық асыруды тіркейді.

Жыл басынан автоматты түрде жұмыс істейтін бақылау-тіркеу құрылғылары 719 құқық бұзушылықты тіркеді. Ал былтыр 6361 факті осы «ақылды» құрылғылардың көмегімен анықталған. Әкімшілік полиция басқармасында автоматты түрде тіркеу жүйелері жол қозғалысы қатысушыларын тәртіпке келтіріп, жолдағы апаттылықты төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Былтыр СҚО жолдарында 312 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 40 адам қаза тауып, 419 адам жарақат алған.


Jańalyqtar

MURAǴAT