Петропавлда акция бойынша полицияға тіркеуде болмаған алғашқы қару тапсырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Полиция басқармасына республикалық акция аясында алғашқы қару тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру акциясы елімізде 10 сәуірде басталған еді.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның бірінші күні облыс орталығының әкімшілік полициясына 12 калибрлі ИЖ-54 тегіс ұңғылы аңшы мылтығын 61 жастағы қала тұрғыны тапсырды. Оның айтуынша, қаруды тауып алған. Қарудың қылмысқа қатысты бар-жоқтығы тексерілгеннен кейін қала тұрғынына, егер бірінші санат бойынша бағаланса - 75 мың теңге, екінші санат бойынша 53 мың теңге төленеді.

«Барлық тапсырылған қару криминалдық есептер бойынша тексерілгеннен кейін арнайы комиссия үш санат бойынша бағалайды. Бірінші санатқа - жаңа қару, екінші санатқа - пайдаланылған, үшініші санатқа - істен шыққан қару жатады. Былтыр солтүстікқазақстандықтар ақылы негізде 151 қаруды тапсырды. Оларға 8 млн астам теңге төленді», - дейді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында осы акцияны өткізуге 6 млн теңге бөлінді. Заңсыз сақталған қаруды тапсыруға ниет білдіргендер аумақтық полиция бөліністеріне жүгінуі керек. Сыйақы алу үшін жеке куәліктің көшірмесін, банктегі есеп-шоттың 20 таңбалы нөмірі (әлеуметтік төлемдерге арналған шоттардан басқа) және қаруды бағалайтын комиссия қорытындысын ұсыну қажет.

Сондай-ақ, полицейлер акция бойынша заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар