Петропавлда ақау жойылып, 90-нан астам үй жылуға қосылды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда № 28 жылу магистраліндегі жөндеу жұмыстары аяқталып, 90-нан астам тұрғын үй жылуға қайта қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандары барлық учаскедегі құбырларға күнделікті тексеріс жүргізіп отыр. Осындай тексерістердің бірінде 314 атқыштар дивизиясы, Партизан және Маяковский көшелерінің бойындағы № 28 жылу магистралінде ақаудың барлығы анықталды. 1984 жылы пайдалануға берілген диаметрі 400 мм құбыр ескірген.

Құбырды жөндеу үшін 7 желтоқсан күні таңғы сағат 9.00-де 90-нан астам тұрғын үй жылудан ажыратылды. Петропавл әкімі Руслан Аңбаев жұмыс барысын назарда ұстап, әлеуметтік желіде хабардар етіп отырды.

«Ақаудың қай жерде пайда болғаны анықталғаннан кейін, үйлердегі жылу мөлшері азаяды. Барлық жұмыстарды бүгін аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмысқа 10 адамнан құрылған 2 бригада мен 6 арнайы техника жұмылдырылған», - деп бастады алғашқы жазбасын қала әкімі.

Сондай-ақ тұрғындардың ыңғайлығы үшін 152 нөмірі бойынша диспечерлік қызмет пен 109 нөмірі бойынша ситуациялық орталық жұмыс істейтінін еске салды.

Сағат 23.00-де магистральдағы жұмыс толық аяқталып, тұрғын үйлерге жылу берілді.

«7 желтоқсанда «Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандарымен технологиялық ақау толық жойылды. 11 метр құбыр ауыстырылды. Барлық көпқабатты үйлер мен жер үй секторы жылумен толық қамтамасыз етілді», - деді Руслан Аңбаев.

СҚО-да екі аптадан артық аяз. Күндіз ауа температурасы 18-20 градусты көрсетсе, түнде сынап бағанасы -23 градусқа дейін төмендейді.

Бұған дейін оқушылар тоңып отырған ауыл мектебінің үш ауысымға ауыстырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Петропавлдағы М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейдің кабинеттері жылу үрлегіш құралдармен жылытылып отырғанын да хабарладық.

Соңғы жаңалықтар