Петропавлда адам ағзаларының көрмесі өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда студенттердің қолдан жасаған адам ағзаларының көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адамның физиологиясы мен анатомиясына арналған жұмыстарды болашақ дәрігерлер қолда бар заттардан жасаған. Оларға қойылған талап - адам ағзаларын барынша ұқсас етіп жасау. Кейін студенттердің жұмыстары оқу процесінде қолданылады.

«Жоғары медицина мектебі факультетінің 1-курс студенттері қатысты. Оларға жыл бойы алған білімдерін қорытындылау мақсатында адам ағзаларының макеттерін жасау тапсырылды. Екі апта уақыт берілді. Студенттер тапқырлық көрсетіп, тапсырманы ойдағыдай атқарды. Сол себепті біз көрме ұйымдастырамыз деп шештік», - дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің аға оқытушысы Назгүл Ізденова.

Көрмеге 40 макет қойылды. Болашақ медицина қызметкерлері көз, бүйрек, бауырдан басқа жасуша ішіндегі мембранаға дейін көрсеткен.

«Біз 5 адамнан бөлініп, бір жоба алуымыз қажет болды. Біздің топ мембрана жасаймыз деп шештік. Ол адам ағзасындағы жасуша ішіндегі мембрана. Жұмысқа картон, пенопласт, тұздалған қамыр қолдандық. Бір аптаның ішінде жасап шықтық бұл жұмысты», - дейді 1-курс студенті Гүлім Өзбекова.

СҚО-да дәрігер жетіспеушілігі мәселесі өзекті, қаңтардың біріне дейінгі ресми ақпарат бойынша өңірге 226 маман қажет. Осы түйткілді шешу мақсатында былтыр алғаш рет Петропавлда жоғары медицина мектебі ашылды. Түлектерге 76 оқу гранты беріліп, қазір 100-ден аса жас білім алып жатыр. Мұнда студенттер хирургия, педиатрия, акушерлік-гинекология және ішкі аурулар және жалпы тәжірибедегі дәрігер секілді 5 бағыт бойынша оқиды.

null

Соңғы жаңалықтар