Петропавлда Абайдың мерейтойына арналған көрмеге балалардың суреттері қойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы бейнелеу өнері музейінде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай сурет көрмесі өтіп жатыр. Іс-шарадан облыстық байқаудың жеңімпаздары – жас суретшілердің еңбектерін де көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмені ұйымдастырушылар музей залдарына Абайға және ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты жәдігерлерді шоғырландырыпты. Келушілер бұл жерден әлемнің түкпір-түкпірінде орна ласқан ескерткіштерінің фотоларын көре алады. Музей қорынан Қазақстанның атақты суретшілерінің еңбектері, гравюралардың көшірмелері шығарылды.

Сондай-ақ ақынның мерейтойына орай 7 мен 17 жас аралығындағы балалар арасында ұйымдастырылған облыстық байқаудың жеңімпаздарының суреттері де көрермен назарына ұсынылды.

Байқауға өнер мектептерінің тәрбиеленушілері қатысып, қазылар алқасының назарына 33 еңбек ұсынылды. Олардың төртеуі үздік деп танылды.

«Байқаудың шарты бойынша балалар Абайдың портретін салып қана қоймай, ұлы ақын, аудармашы, философтың шығармаларын негізге алды. Суреттеріне өздерінің сүйікті шығармаларын арқау етті. Балалардың еңбегі тақырыпқа сай таңдап алынды. Қазылар суреттердің мазмұнына да аса мән берді», - дейді бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Вера Гончарова.

Көрменің ашылу салтанаты онлайн өткенімен, бүгінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра музейге келіп тамашалауға мүмкіндік бар.


Соңғы жаңалықтар