Петропавлда 900-ге жуық иесіз жатқан саяжай учаскесі анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда игерілмей жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлер анықталып жатыр. Қала әкімдігі осындай 369 учаскені есепке алып, соның 83-ін сот арқылы қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында аулаларды абаттандыруға, жоспарлы аумақтардан гараждарды алуға қатысты, сондай-ақ қоқыс контейнерлерін қоятын орындарды дайындау жұмыстары басталды.

2019-2021 жылдар аралығында 764 гараж көшірілді, оның 403-і былтыр алынды. Мұндай гараждардың көбі Жуков көшесінің бойында.

Биыл жыл басынан 32 аула аумағы тексерілді, нәтижесінде рұқсатсыз орнатылған 38 гараж анықталды. Жалпы осы жылы 430 гаражды бұзу жоспарланған.

«Қазіргі проблемалардың бірі - меншік иелерін анықтау, сондай-ақ кондоминиум аумағында гараждардың орналасу мәселесі. Материалдарды жинап, кейіннен инспекцияға тексеру үшін жіберу керек. Салдарынан заңсыз тұрған гараждарды аумақтан алу ұзақ уақытты қажет етеді. Әлеуметтік нысандардың, жылу магистральдарының және асфальттауға кезекте тұрған аулалардан тұрғындар өз еркімен орнатқан гараждарды алулары тиіс», - дейді әкімдік мамандары.

Бұдан басқа облыс орталығы аумағында бос жатқан учаскелерді анықтау жұмыстары да жалғасады. Соңғы үш жылдың ішінде инспекцияға игерілмей жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жер бойынша 369 материал жіберілген. Нәтижесінде 83 учаске сот арқылы қайтарылды.

Мұндай жұмыстар саяжай серіктестіктерінде де атқарылып жатыр. 2019-2021 жылдар аралығында бос жатқан 896 саяжай учаскесі есеепке алынды.


Соңғы жаңалықтар