Петропавлда 900 балаға шақталған заманауи мектеп пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Білім күні 900 оқушыға арналған жаңа мектеп есігін айқара ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Facebook әлеуметтік желідегі өз парақшасында жариялады.

«Білім күніне орай балаларға жақсы сыйлық болды. Бүгін Петропавлда 900 оқушыға арналған заманауи мектеп ашылды. Уәлиханов көшесіндегі жаңа білім мекемесі осы шағынаудандағы 3 мектептегі жүктемені азайтып, балалар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай туғызады.

Жаңа мектептерге сұраныс бар, себебі облыста оқушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Биыл 75 мың бала мектепке барды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, бұл соңғы жылдары облыста салынған төртінші мектеп.

«Біз ауылдарда екі мектептің құрылысын бастаймыз. Облыс орталығында 1200 орындық мектеп пен ерекше балаларға арналған мектеп-интернат пайда болады. Жалпы, кешенді жоспар аясында алдағы жылдары 16 жаңа мектеп салу жоспарланған. ⠀

Жаңа мектеп «Орталық» шағынауданында орналасқан. Бұл шағынауданның болашағы зор. Ескі және апатты үйлердің орнына жаңа көпқабатты үйлер тұрғызылып жатыр, балабақша салынады. Уәлиханов көшесі кеңейтілуде. 3 мың орындық жаңа спорт сарайы шағынауданның сәніне айналады. Спорт нысанының жанынан жаңа саябақ ашамыз», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар