Петропавлда 84 жастағы кейуана өз пәтерінде өртеніп кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 9 қабатты үйден өрт шығып, 84 жастағы әйел мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10.30 шамасында «101» қызметіне Кошуков көшесі, 7 мекен жайындағы 9 қабатты үйдің үшінші қабатынан өрт шыққандығы жөнінде хабарланған.

Өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтер жалындап жанып жатқан. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері 8 адамды, соның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарды.

Оқиға орнынан пәтердің иесі - 1936 жылы туған әйелдің денесі табылды.

Жалынмен күреске 20 адам және 6 техника жұмылдырылды. Сағат 11.00 шамасында жалын толық сөндірілді.

Өрттің салдарынан дүние-мүлікке зақым келді. Қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен келген шығын көлемі анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар