Петропавлда 82 жастағы зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда 82 жастағы зейнеткер мен оның күтушісіне қарақшылық шабуыл жасалып, полицейлер қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға мамырдың 17-сінде болған. Белгісіз екеу Невский көшесіндегі үйге терезені сындырып кіріпті. Үйдегі зейнеткер мен оның күтушісін байлап, соққыға жығып, ақша талап еткен.

«Ақша қайда? Алтын бар ма?» деп айқайлады. Содан кейін байлап тастады», - дейді жәбірленушілер.

Қылмыскерлер үйден тапқан жарты млн теңгеден астам ақшаны және күтушінің сөмкесін алып, тайып тұрған. Олар кеткеннен кейін әйелдер бірден полицияға хабарласқан.

Қарақшылық шабуылды ашуға барлық жедел бөліністер тартылды. Полицейлер барлық күдікті тұлғаларды тексеріп, тірнектеп ақпарат жинады. Қылмыскерлерді табуда бейнекамералардың да көп көмегі тиген. Нәтижесінде күдіктінің біреуі - Петропавл қаласында, екіншісі - ел астанасында ұсталды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласының тұрғындары, бұрын сотталған екі азамат қолға түсті. Біреуінің жасы - қырықта, тонау мен қарақшылық үшін бұрын істі болған. Қазір елордада тұрады. Екіншісі - 48 жаста, есірткі сатқаны үшін жауапқа тартылған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Гариф Хамзаев.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы, 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 5 қарақшылық шабуыл тіркелген. Ол қылмыстардың барлығы ашылды.

null

Соңғы жаңалықтар