Петропавлда 70 мың теңге қарызы үшін тұрғынның пәтері аукционнан сатылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны энергетиктерге берешегі үшін пәтерсіз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұтынушының «Севказэнергосбыт» ЖШС қарызы 69 469 теңге болған. Берешегін қайтаруға асықпаған борышкердің пәтерін сот аукционнан сатып, қарызды өндіріп алуға шешім шығарды.

Қазіргі уақытта тұтынушылардың компанияға дебиторлық берешегі 249 млн 472 мың теңгеге жеткен. Оның 106 млн 470 мың теңгесі пәтер иелеріне тиесілі. Қордаланған қарызды қайтару мақсатында энергетиктер төтенше шараларды қолдана бастады. Мәселен биыл жеке сот орындаушылары борышкерлерге қатысты қарызды қайтару тәртібін өзгертуге 12 ұйғарым әзірлеп, нәтижесінде 6 баспана аукцион арқылы сатылды.

«Борышкерге қарызы туралы хабарлама жіберіледі. Сол уақытта қарыз иесінің дүние-мүлкіне шектеу қойылып, есеп-шоттары, жұмыс орны, зейнетақы шотындағы қаражаты туралы мәлімет жиналады. Ескертуге қарамастан қарызды жақын арада қайтармаса, ал қарызы 20 АЕК жоғары болса ел аумағынан шығуына шектеу қойылады. 250 АЕК мөлшерінде берешегі бар адам дәлелді себепсіз борышын қайтармаса, оған лицензиялардың, рұқсаттардың және арнайы құқықтардың берілуі мен қолданылу мерзіміне уақытша шектеулер қойылады», - дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС заң бөлімінің бастығы Максим Пусев.

Кәсіпорын мамандарының айтуынша, қарызды қайтаруда көптеген іс-шаралар қолданылады, алайда борышкердің дүние-мүлкіне шектеу қойғанда ғана ол өз нәтижесін береді екен.

«Егер тұтынушының материалдық жағдайы қиын болса, біз әрине оларға кеңшілік жасаймыз. Бөліп төлеуі үшін кесте жасап береміз. Жарық пен жылуды ауадан алып жатқан жоқпыз. Компания энергияны өндіру үшін қондырғыларды үнемі жаңартып отыруы қажет, отынды сатып аламыз. Тұтынушылардың қарызы мыңдап емес, миллион теңгелеп саналады. Олардың коммуналдық ақыны уақтылы төлемеуінен қаржы жетіспеушілігі туындайды, салдарынан несие алуға мәжбүрміз. Ал бұл өз кезегінде тарифке әсер етеді», - деді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов.

Петропавлда жыл басынан бері борышкерлердің 6 пәтері аукцион арқылы сатылса, жыл соңына дейін олардың қатарына тағы үшеуі қосылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар