Петропавлда 60-80 жастағы зейнеткерлер марафон жүгіреді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Феникс» спорт клубына 60 адам мүше, оның төрттен бірі – егде жастағы ата-әжелер. Олар аптасына бір рет жиналып, үлкен қашықтарға жүгіріп, жаттығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Феникс» спорт клубының ең жасы үлкен мүшесі – Галина Зимина. Оның жасы 82-де. Галина Андреевна көп жылдар бойы кітапханашы болып жұмыс істеді, қалалық халықтық хорда ән айтты, қоғам өміріне белсене араласты.

Бірақ уақыт өте келе денсаулығы сыр беріп, аяғынан жүре алмайтын кездері көбейді.

Осылайша, ұлының кеңесімен туфлиді ыңғайлы кроссовкиге ауыстырып, стадионда жүгіруді әдетке айналдырады.

«1982 жылы газетте белгілі спортшы Анатолий Клевакиннің барлық тілек білдірушілерді денсаулық үшін жүгіруге шақырған жазбасын оқыдым. Осылайша спорт клубына мүше болдым. Бастапқыда салмақ түсірмей кішкентай қашықтыққа жүгірдім, кейін 5-10 шақырымды еркін еңсеретін болдым. Денсаулығым да жақсарды. Ал бір жылдан кейін Мәскеудегі халықаралық марафонға қатыстым, бұл мен үшін үлкен нәтиже еді. Содан кейін де қаншама марафонға қатыстым, түрлі жүлделерім жүзге жуық. Спортқа келгеніме 40 жыл болыпты», - дейді Галина Зимина.

Клубтың тағы бір мүшесі Антонина Шершневаның жасы 64-те. Мектепті бітірісімен ол облыс орталығындағы медициналық училищеге, медбике мамандығы бойынша оқуға түседі.

Алайда бұл салада бір күн де жұмыс істемеген екен.

«Ол кезде жолдама бойынша жұмысқа жіберетін, мені онкологиялық диспансерге бөлді. Бірақ оқуды жалғастырамын деп шештім және медицинаны емес, спортты таңдадым. Осылайша, Петропавлдағы жоғары оқу орнына дене тәрбиесі мамандығы бойынша оқуға түстім. Еңбек жолымды облыс орталығындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру мұғалімі болып бастадым. Кейін тұрмысқа шықтым, қызымды босандым. Декреттік демалыстан кейін өзім оқыған медициналық училищеге жұмысқа орналасып, сол жерде 30 жылдан артық, зейнет демалысына шыққанға дейін дене шынықтыру сабағынан бердім», - дейді Антонина Шершнева.

Спортқа 17 жасында келген бойжеткен содан бері одан қол үзбеген. Ол үшін саламатты өмір салты бірінші орында.

«Спортқа ойда-жоқта келдім. Жарыстардың бірінде 400 метрлікке жүгіруден бірінші болып келдім, осылайша мені жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Анатолий Федошин байқап, өзіне шақырды. Ол кісіде 7 жыл бойы жаттықтым. Осы уақытқа дейін қала бойынша 400, 200, 100 метрге жүгіруден менің рекордым жаңарған емес. Облыс бойынша да 400 және 100 метрге жүгіруден рекорд орнатқанмын, қанша жыл өтсе де оны да әлі ешкім өзгерте алмады. Соңғы рет 28 тамызда жартылай марафонға қатысып, 5 км жүгірдім. Өз жасымдағылардың арасында бірінші келіп, жүлделі болдым», - дейді зейнеткер.

Қазір Петропавлдағы «Феникс» клубына 60-тан астам адам мүше.

Әр жексенбі сайын олар саябақта жиналып, жүгіреді, кейін бәрі дастархан басында жиналып, жоспарларын ортаға салады, жетістіктерімен бөліседі.

«Бастапқыда мен барған клуб «Атлант» деп аталды. Ол 1987 жылы құрылған еді. Он жыл жұмыс істеді. Кейін «Бодрость» деген клубқа мүше болдым. Бұл клуб 1982 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеді. Мен оған 2006 жылы келіп, 17 жыл жүгірдім. Ал қазіргі «Феникс» клубы небары 3 жыл ғана жұмыс істеп жатыр. Жүгіретіндер саны азайғандықтан біз «Бодрость» пен «Надежданы» қосып, жаңа клуб құрдық.

Біз, жасы үлкендер, жарыстарда жеңіске жету үшін емес, өз денсаулығымыз үшін жүгіреміз. Қазір мысалы менің ауыруға уақытым жоқ. Аптасына үш рет бассейнге барып, жүземін. Жиеніммен бірге күнара велосипед тебеміз. Ал кешке бос қол отырмай сүйікті ісіммен айналысамын, сурет салып, шұлық тоқимын», - дейді Антонина Шершнева.

Көп жыл бойы бала тәрбиесімен айналысқан қарт ұстаздың пікірінше, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жеңіл атлетикаға баланы 12-13 жастан беру керек. Ал жалпы жүгіру ешқашан да кеш емес.

«Ежелгі Грецияда биік жартаста: «әдемі болғың келсе – жүгір, күшті болғың келсе – жүгір, ақылды болғың келсе – жүгір» деп ойып жазылған екен. Жүгіру – ең қолжетімді дене шынықтыру. Оған арнайы қондырғылар немесе арнайы зал, дайындық қажет емес. Бар болғаны ынта және ыңғайлы аяқ киім керек. Жүгіру барысында адамның барлық негізгі бұлшықеттері жұмыс істейді, энергия жұмсалып, нәтижесінде артық салмақ кетеді, сондай-ақ жүрек ауруларының алдын алады. Ағзадағы зат алмасу жақсарады, жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді. Ұйқы түзеліп, аурушаңдық жойылады, адамның өмірге құштарлығы артады. Сондықтан да замандастарымды біздің қатарымызға қосылуға шақырамын», - дейді «Феникс» спорт клубының мүшесі Антонина Шершнева.


Соңғы жаңалықтар