Петропавлда 47 жастағы әйел баласына 2,5 млн теңге алиментін төлемей жүр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының көші-қон қызметі алимент төлеуден жалтарған 98 адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 47 жастағы тұрғыны 2020 жылдан бастап баласын күтіп-баққан мекемеге қаражат аудармаған.

Жеке басының жағдайын жасау үшін астанаға кеткен әйелдің қарызы осы аралықта шамамен 2,5 млн теңгеге жеткен. Өздігінен берешекті қайтаруға асықпаған борышкердің жүрген жерін өңірдің миграциялық қызмет мамандары анықтады.

Әйел борышкерлерді, алимент төлемеушілерді және туыстық байланысын жоғалтқан адамдарды іздестіру бойынша өтіп жатқан акция барысында табылды.

Қазіргі уақытта қарызды өндіріп алу үшін полицейлер материалдарды жеке сот орындаушыларына беруге дайындап жатыр.

Акция басталған уақытта СҚО ПД Көші-қон қызметі қызметкерлерінің тізімінде 98 адам болған.

Олардың жартысы – балаларын күтіп-бағу бойынша міндеттерін орындамайтын ата-аналар.

«Акция барысында қызметкерлер іздеудегі адамдардың туыстары мен таныстарының мекен-жайларын тексереді. Басқа да іздеу әдістері қолданылады. Бұрын олар әкімшілік жауапкершілікке тартылғандықтан, төлем жасаудан жалтарған адамдардың мекен-жайларын анықтау қиын емес. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде екі күндік іс-шараның қорытындысы бойынша іздеудегі 16 адам, оның ішінде 5 борышкер мен туыстық байланысын жоғалтқан 1 адам анықталды». - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Акция маусымның 27-29-ы аралығында өтті.

Бұған дейін СҚО-да тәртіп сақшыларының түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтау үшін рейдке шыққанын айтқан едік. Тек бір түнде ересектерсіз көшеде қаңғырған 26 жасөспірім анықталды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін атқармағаны үшін 8 ата-ана жауапқа тартылды.

Сондай-ақ, Петропавлда жарылғыш құрылғы туралы жалған хабар беріп, тұрғындар мен арнайы қызметтерді «аяғына тік тұрғызған» ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар