Петропавлда 40 млн теңгеге сатып алынған автобус тестілеуден өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл автопаркі жаңа автобустармен жаңаланбақ. Солардың бірі бүгін қала көшелерінде тестілеуден өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Автокөлік қоғамының мәліметінше, қазіргі таңда Петропавлда жолаушыларды күнделікті 270 автобус 24 бағыт бойынша тасымалдайды. Алайда олардың басым бөлігі ескірген. Бұл мәселені шешу үшін Петропавл қаласына 40 автобус сатып алынады.

«Маусым айында Павлов зауытынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы, пандус орнатылған 4 автобус сатып алынады. Қазір «Golden Dragon» компаниясының автобусы тестілеуден өтеді. Көңілден шығып жатса - аламыз. Әрине, көліктің ыңғайлылығы, қала көшелерінде емін-еркін жүруі үшін ұзындығы ескеріледі. Нәтижесінде қаншасын сатып алынатынымызды шешеміз. Әзірге жоспарда 40 данасын аламыз деген ой бар», - дейді «СҚО Автокөлік одағы» бірлестігінің төрағасы Галина Семенова.
null

«Golden Dragon» компаниясының автобусы «ASTANA MOTORS»зауытында құрастырылған. Бағасы - 40 млн теңге. Ұзындығы - 11 метр, отыратын 32 орны бар. Қыста жылы, ал жаз мезгілінде салқын болмақ. Ауа баптағышы бар, тегін интернетпен және пандуспен жабдықталған.

«Бұл компанияның үш түрлі автобусы бар. Олар ұзындығымен әрі жабдықталуымен ерекшеленеді. Биылдан бастап көліктер Алматы қаласында да құрастырыла бастайды», - дейді компания өкілі Дәурен Есембаев.
null

Жаңа автобусты тексеруден өткізуге өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, өз бағасын берді.

«Автобустың сапалы екенін көрдік. Іші кең, ыңғайлы. Зауыт өкілдері көліктің қыста жылы болатынын айтты. Ақылдасып, шешім қабылдаймыз. Жақын арада 30-40 автобус алуға дайынбыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Жаңа көліктер бірінші кезекте халық көп жүретін орталық көшелерге жіберілмек.

Соңғы жаңалықтар