Петропавлда 40 күндік әскери даярлықтан өткен азаматтар ант қабылдады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебін аяқтаған 40-қа жуық курсант салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әскери-техникалық мектептің түлектері 40 күн бойы дайындықтан өтіп, бір жылдық материалды толығымен қамтыды. Әскери полигондарда болып, оқу-жаттығулардан өтті. Оқуға түскендер жасы - 24-27 аралығында.

Айбек Нұрғалиев Қостанай облысының Арқалық қаласынан келген. 24 жастағы түлек бүгін көппен бірге ант қабылдады. Енді ол болашағын әскери қызметпен байланыстырмақ.

«Әскери-техникалық мектепте білімімді жетілдірдім. Өте ыңғайлы, бір жылдық әскерден ешқандай кем емес дайындықтан өттік. Щучье қаласында орналасқан Кадет корпусына қарасты «Амандық» оқу орталығына бардық. Ол жерде жалпы қару-жарақпен танысып, нысанаға көздеп атуды жетік меңгердік, командирлер бәрін үйретті, әскери жарғыларға сәйкес барлық берілген тапсырмаларды нақты және дәлме-дәл орындадық. Ант қабылдағаннан кейін Отан алдындағы қызметімізді өтейміз деген сенімдемін», - дейді әскери-техникалық мектептің бөлімше командирі Айбек Нұрғалиев.

null

Айта кеткен жөн, биыл әскери-техникалық мектеп 500-ден аса азаматты оқытуға тапсырыс алған. Былтыр осы оқу орнын бітірген 200-ден аса түлек қазір еліміздегі әскери бөлімшелерде қызмет етіп жүр.

«Жастардың бүгінде әскери қызметке ұмтылушылығы байқалады. Өйткені әскери қызмет тұрақты және әлеуметтік жағынан қамтылған. 10 жылға дейінгі қызметтік өтілі бар әскери қызметшілер үйлері болмаған жағдайда оларға баспананы жалдағаны үшін мемлекет өтемақы төлейді. Ал 20 және одан да көп жыл қызмет еткен әскери қызметшілерге отбасы мүшелерінің санына байланысты пәтер сатып алу үшін ақшалай өтемақы беріледі. Сондай-ақ барлық гарнизондар мен әскери бөлімшелерде әскери қызметшілер медициналық қызметтерді әскери мекемелерде тегін алады», - дейді СҚО Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің бастығы Айман Әбжапбарова.

null

Петропавлда әскери-техникалық мектептерге үміткерлерді іріктеу жылына 7-8 рет өткізіледі. Бұл оқу орнына түсу үшін кандидаттарды іріктеуді жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.

null

Соңғы жаңалықтар