Петропавлда 38 көп қабатты үйдің шатырын, 200-ден астам лифтіні ауыстыру қажет

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл көп қабатты үйлердің шатырлары мен лифтілер ауыстырылмақ. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір Петропавлда 1100 көпқабатты тұрғын үй бар. 2011-2020 жылдар аралығында олардың тек 170-і ғана күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде шатырды жөндетуге кезекте 38 көп қабатты үй тұр.

Тағы бір өзекті мәселе – лифтілердің тозығы жетіп, істен шығуы. Облыс орталығындағы 9 қабатты үйлерде 367 лифт бар, оның 8-і мүлдем жұмыс істемейді.

Петропавл тұрғыны Иван Алдонин 2-топтағы мүгедек. Екі жылдан бері тек балдақпен ғана жүреді. Тоғызыншы қабатта тұратын оған лифтінің жоқтығынан түсіп-шығуы қиын.


«Мен бұл үйде 2000 жылдан бері тұрамын. Мен келгенде лифт істемей тұрды. Далаға шығу әрине, қиын. Кішкентай баласы бар көршілер де арбаларын сүйреп жүргені. Мұндай көп қабатты үйлерге лифт керек-ақ», - дейді Иван Алдонин.

2011 жылдан бастап Петропавлда 32 лифт ауыстырылған. Қазіргі уақытта тағы 217-сін ауыстыру қажет. Пайдалану мерзімі 25 жылға шақталған бұл қондырғылардың бүгінде әбден тозығы жеткен.

«Облыстық бюджеттен шатырды және лифтіні жөндеуге қаржы бөлеміз. Бірақ оны тұрғындар ПИК арқылы қайтарулары қажет болады. Көктемде жұмыстарды бастаймыз, бұл мәселе шешімін табады», - деді көп қабатты үйлердің тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар