Петропавлда 21 млрд теңгеге төрт заманауи мектептің құрылысы жоспарланған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында алдағы үш жылда 4 мектеп салынбақ. Оның екеуінің құрылысы биыл басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынатын 4 мектеп жалпы 3300 орынға арналған.

«Копай» мен «Орман» шағын аудандарында 600 орындық, «Жас Өркенде» - 900, ал «Берекеде» 1200 балаға шақталмақ.

Осы мақсатқа 21 млрд теңге жұмсалмақ. Биыл 2 мектептің құрылысы басталады.

«Осы жылы облыс орталығындағы № 17 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған 649 млн теңге бөлінеді. Тағы жеті мектепте жылыту және кәріз жүйесі жөнге келтірілмек, бес мектеп пен екі балабақшада шатыр ауыстырылады, екі мектептің кіреберісі, № 26 мектеп-балабақшаның спорт залы жөнге келтіріліп, Бірінші It-лицейдің терезелері және № 10 мектептің эвакуациялық сатысы ауыстырылмақ. Биыл білім саласының бюджеті - 25,6 млрд теңге. Қосымша облыстық қазынадан 83 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа мемлекеттік балабақшалар жарақтандырылмақ», - дейді қала әкімі.

Жалпы Петропавлда қазіргі уақытта үш шағын ауданда құрылыс қызған.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 34 алаңда жүргізіліп жатыр, оның 14-і – бюджет есебінен салынып жатқан баспана, жалпы аумағы 110,1 мың шаршы метр.

Қалған 20-сы – коммерциялық үйлер, оның да жалпы ауданы сол шамалас.


Соңғы жаңалықтар