Петропавлда 19 мыңға жуық адам жер учаскесіне кезекте тұр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне кезекке тұрғандар саны күрт артты. Былтыр 10 сотық жерден үміттілердің саны жылдың басында 12 мыңға жуық болса, биыл бірден 7 мыңға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазір 18 669 адам жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесінің кезегінде тұр. Бұрын бұл ақпарат әкімдіктің ресми сайтында қолжетімді болса, биылдан бастап кезектегі орныңды көру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

«Жеке тұрғын үй салуға қажет учаскелерді беру үшін «Солнечный-2» және «Южный» шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылымы тартылып жатыр. Осы күні «Солнечный-2» кентінде 68,2 км су желісі және 102,5 электр желісі тартылды, 60 км жуық жол салынды.

«Южный» шағын ауданында 43,5 км су желісі тартылып, 34,3 км жол салынды. Қазіргі уақытта электр бағандары орнатылып жатыр. Бұл ауданда 32 км желі тартылып, 12 электр станциясы орнатылады. Жоба келер жылы аяқталады», - дейді Серік Мұхамедиев.

Жоспар бойынша «Солнечный-2» кентінде 2 мың, «Южный» шағын ауданында 1 мың учаске берілмек. Кезек өте баяу жылжығанымен тез өсіп келеді. Мәселен, соңғы екі жылда небәрі 175 адам ғана жер учаскесіне қол жеткізген, ал бір жылда кезек шамамен 7 мың адамға ұлғайған.

Жалпы Петропавлда құрылыс қарқын алған, негізінен «Жас өркен», «Орталық», «Береке» және «Копай» шағын аудандарында көпқабатты үйлер салынып жатыр. Жақында бюджеттік 6 үй пайдалануға беріледі.

«Облыс орталығында коммерциялық баспанаға да сұраныс бар. Жекеменшік компаниялар биыл 29 көпқабатты үйдің құрылысын жоспарласа, соның сегізі пайдалануға берілді.

Жалпы биыл 20 көпқабатты – 6 бюджеттік және 14 коммерциялық үйдің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады», - дейді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.


Соңғы жаңалықтар