Петропавлда 165 жыл бұрын салынған мешіт ғимараты қалпына келтіріліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда шамамен екі ғасыр бұрын салынған мешіт ғимараты қалпына келтіріліп жатыр. Бұл тарихи нысанда ислам мәдениетінің музейі орналаспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихшылардың айтуынша, 19 ғасырда Петропавлда 9 мешіт болған. Соның біреуі осы күнге дейін сақталған.

Кірпіштен қаланып салынған ғимарат облыс орталығындағы Киров зауытының аумағында орналасқан.

Көптеген жыл бойы кәсіпорынның қоймасы болып келген мешіт қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

«Мешіт 1857 жылы тұрғызылған. Біздің архивте мешітте жүргізілген есеп сақталған, яғни, бала туу, некеге отыру, тұрғындардың қайтқаны жөнінде кітаптар бар. Сол кітаптардың біріншісі 1861 жылы басталған екен. Кезінде Кеңес үкіметі осындағы мешіттерді тізімге алған. Сол деректерге сүйенсек, 1921 жылы Петропавлда 9 мешіт болған, оның алтауы тастан қаланып салынған, үшеуі ағаштан тұрғызылған. Сол мешітке барып тұрған азаматтардың тізімі табылды. Мешіт, әдетте мұсылман дінінің рухани орталығы ғана емес, оның жанында міндетті түрде медресе болған. 1870 жылы 4 мешіт жанынан медресенің ашылуына көпес Дәулеткелдиевтің зор үлесі бар. Оқу ордасын салып, жергілікті халықтың білім алуына сеп болған. Кеңес үкіметі кезінде мешіттер түгелімен жабылды. Оларды пионер клубтарына, ойын-сауық орындарына айналдырды. Үшінші мешітті толықтай жойып жіберді. Ал бұл төртінші мешіт Киров зауыты аумағында болғандықтан сақталып қалған. 1942 жылы соғыс уақытында ол қойма қызметін атқарып, содан бұзылмай аман қалған. Азан шақыратын минареті сол қалпы тұр. Сол кезеңдерде минарет төрт бұрышты болса, ал бұл дөңгелек етіп салынған», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

2019 жылы «Архив – 2025» бағдарламасы аясында облыс әкімінің тапсырмасымен 4-ші мешіттің тарихына байланысты құжаттарды жинақтау басталды.

Архив директорының айтуынша, облыстағы архивтегі құжаттар негізінен 20 ғасырдың 20 жылдарына жатады.

Осыған байланысты мол мағлұмат жинау мақсатында олар Ресейдің мемлекеттік архивтеріне жүгінген екен.

«Ресей архивіне, соның ішінде Санкт-Петербор қаласындағы тарих архивіне, Орынбор, Омбы, Уфа, Томбы архивтеріне сұрау жіберілді. Нәтижесінде көптеген маңызды дерек табылды. Санкт-Петербордағы Ресейдің тарих архивіне барып, бірнеше күн отырып, көптеген құжаттарды ақтарып шықтық. Сапарымыз сәтті болды. Төртінші мешіттің салыну тарихы, осы мешіттің жоспары жөнінде мағлұматтар табылды. Ресей 18 ғасырда қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, бекіністі тұрғыза бастағанда 1795 жылы Петропавлда алғаш рет тастан мешіт қаланады. Ол мешіт тарихта Қасым мешіті деп қалды. 1849 жылы Петропавлда қатты өрт болып, салдарынан көптеген ағаштан салынған ғимараттар жойылып кетті. Сондықтан халықтың және Батыс-Сібір генерал-губернаторының сұрауы бойынша Санкт-Петербор қаласына, ішкі істер министрлігіне мешіт салу жөнінде ұсыныс жіберіледі. Бұл мемлекеттік органдарда, соның ішінде жол және байланыс, жоба департаментінде қаралады. 1847 жылы жалпы мұсылман мешіттерін салу жөнінде типтік жоба қабылданған екен. Ал Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаков типтік жобадан кетіп, өзіміздің ұсынысымыз бар деп, осы мешіттің жобасын жергілікті тұрғындар жасайды. Ол бірнеше жыл жасалады. Тек 1855 жылы мешітті салуға рұқсат қағазына қол қойылып, бекітіледі. Ғимарат қызылжарлық меценаттардың қаражатына – 10 мың рубльге салынсын делінеді. Соған қарамастан жергілікті шенеуніктер мемлекеттен де көмек болсын деп ұсыныс-хат жазған екен. Уфадағы Башқұртстанның мемлекеттік архивінен қарап, 1895 жылы бұл мешіттің имамы Хафиз Абдрашитов деген кісі болғанын таптық. Мешітке тұрақты түрде 600-ге жуық мұсылман келіп тұрған», - дейді Сәуле Мәлікова.

Қазір тарихи нысанды қалпына келтіру мақсатында орасан жұмыс атқарылып жатыр. Мешіт Ислам мәдениетінің музейіне айналмақ.

«Жұмысты былтыр желтоқсан айында бастадық. Осы уақытқа дейін негізінен бұзып алу жұмыстары жүргізілді, өйткені мешіт бұған дейін түрлі мақсатта қолданылып, оған жапсарлас үй-жайлар салынған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мешіттің салынғанына 165 жылдан асқан сондықтан кей жерлері өте ескірген. Оларды сол кезде пайдаланылған материалдармен ауыстырып жатырмыз. Ағаш конструкцияларды темірге ауыстырып жатырмыз. Терезелерді ауыстырдық. Қазір бұл жерде 20 адам, 6 техника жұмыс істеп жатыр. Материал негізінен жергілікті қолданылып жатыр. Заманауи материалдардан – пластмассадан бас тарттық, барынша қалпын сақтап қалуға тырыстық», - дейді құрылыс компаниясының директоры Болат Бұқанов.

Ислам мәдениетінің музейі күзге дейін пайдалануға берілмек.


Соңғы жаңалықтар