Петропавлда 15 жасар бозбала мопедімен жүргіншіні тонаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда түнде жүргіншінің телефонын тартып алған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қыркүйек күні сағат 23.30 шамасында белгісіз екеу Петропавл тұрғынының телефонын тартып алған.

Жәбірленушінің айтуынша, ол сол түні қонақтан шыққан екен. Жолда телефон соқпақшы болады.

Осы сәтте белгісіз қылмыскер оның қолынан телефонын жұлып алып, артынан келіп жеткен мопедке мініп кете барады.

Барлығы әп-сәтте болғандықтан, жәбірленуші олардың түрін көріп үлгермеген.

Бірақ қылмыс бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері ұрылардың жүрген жолын тексерді. Нәтижесінде күдіктілер тез арада анықталды.

Олар 18 және 15 жастағы екі қала тұрғыны болып шықты. Ұрланған зат тәркіленіп, иесіне табысталды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зат алынды.

«Мопед иесі, кәмелетке толмаған күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі кезде Петропавл қалалық полиция басқармасының ювеналдық полицейлері жасөспірімді арнайы білім беру мекемесіне орналастыру мәселесін шешіп жатыр», - дейді екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Бейнебақылау камерасы – полицейлердің сенімді құралына айналған.

Жыл басынан Петропавлда оның көмегімен 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 10 мыңға жуығы жол жүрісі ережелерін бұзуға қатысты, сондай-ақ қылмыстарды ашуға ықпал еткен 128 факті анықталды.


Соңғы жаңалықтар