Петропавлда 100 жаңа автобус сатып алынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қоғамдық көліктер жаңартылады. Биыл облыс орталығына 100 жаңа автобус сатып алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл әкімі Болат Жұмабеков жаңа автобустарға қатысты түсінік берді. Жақында облыс орталығына алынған бірнеше қоғамдық көлік тестілеуден өтпей қайта қатарылған еді.

«2021 жылы 100 автобус сатып алынады. Yotong маркалі бұл көліктер дизель отынымен жүреді. Оның 60-ы 8,5 метрлік, қалғаны 10,3 метрлік. «БРК-Лизинг», «Солтүстік» ӘКК және тасымалдаушылар арасында автобустарды сатып алу жөнінде келісім бар. Жаңа қоғамдық көліктер шілде-тамыз айларында жеткізілуі керек», - дейді қала әкімі.

Болат Жұмабеков тұрғындар тарапынан шағымның көп болуына байланысты 14 бағытқа қызмет көрсететін кәсіпкермен келісімшарттың бұзылғанын айтты. Жақында №2 және №24 бағыттардың да тасымалдаушылары өзгермек. Себеп – сапасыз қызмет.

Жалпы Петропавлда 20 бағыт бар. Оның 10-ы автобустық, соншасы шағын автобус бағыттары. Қала ішінде жолаушыларды 197 қоғамдық көлік тасымалдайды. Ал 23-і резервте тұр. Бұл бағыттарда 11 тасымалдаушы, 4 ЖШС және 7 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.

Жақында петропавлдықтардың кейбірі қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады.

«Азаматтардың 12 санаты қоғамдық көлікте тегін жүреді. Петропавл қаласының әкімдігі оларға қызмет көрсететін тасымалдаушылар шығынға батпауы үшін өтемақы төлеуді жоспарлаған. Тегін жүретін тұрғындарға арнайы карта жасалады. Басқа құжатты көрсетудің қажеті болмайды және бұл карта бойынша автобуста жүруге шектеу болмайды. 1 маусымнан бастап көлік карталарына тапсырыс қабылданып жатыр. Ол үшін жұмыспен қамту бөліміне өтінім қалдыру керек. Бүгінге дейін 1356 адам өтініш қалдырды», - дейді Болат Жұмабеков.


Соңғы жаңалықтар