Петропавлда 100-ге келген ардагердің мерейтойы аулада тойланды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы көп қабатты үйлердің ауласында ғасыр жасаған Василий Сухомлиновтың мерейтойы өтті. Салтанатты шараны Ұлттық ұлан Академиясының әскерилері ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Василий Сухомлинов 100 жасқа толды. Майдангердің мерейтойына орай Ұлттық ұлан Академиясының оркестрі оның ауласында концерт қойды. Репертуар негізінен ардагердің жастық шағында айтылған сүйікті әндерінен, яғни соғыс кезінде туған музыкалық шығармалардан тұрды.
«Сіз соғыс уақытында ең ауыр сынақтан абыроймен өткен, аты аңызға айналған жеңімпаздардардың өкілісіз. Сіздің өмір жолыңыз, Отанға деген сүйіспеншілігіңіз, оның болашағына бейжай қарамауыңыз — жастарға, бәрімізге үлгі. Сізге зор денсаулық, отбасы жылулығын, жақындарыңыздың қамқорлығын тілеймін», - деді Ұлттық ұлан Академиясының бастығы Бауыржан Әбжанов.

Ардагер өз кезегінде оның мерейтойын ұзақ уақытқа есте қалатындай, әсерлі ұйымдастырғаны үшін жиналғандарға алғыс айтып, майдандағы оқиғаларымен бөлісті.
Мерекелік бағдарлама соңында ардагер мен қонақтарға мерекелік дастархан жайылды, жиналғандар таза ауада сарбаз ботқасынан дәм татты.
Ұлттық ұлан Академиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Василий Иванович Сухомлинов 1922 жылы 15 мамырда Харьков облысы Купей ауданы Сепих елді мекенінде дүниеге келген.
1941 жылы майданға аттанып, қатардағы жауынгер 29 атқыштар полкінде қызмет етті. 1945 жылы елге аман-есен оралды. 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков Г.К.» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Жамбыл ауданы Троицкое ауылында тракторшы болып жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап Тимирязев ауылында тұрды. 2020 жылдың қазан айынан бастап ардагер Петропавл қаласында тұрып жатыр.
Жалпы бүгінде СҚО-да 14 соғыс ардагері, 3 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрады, олардың ішінде 58-і «Соғыс кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған.


Соңғы жаңалықтар