Петропавлда 10 жыл бұрын салынуы тиіс ықшам ауданның құрылысы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда 10 жыл бұрын салынады деп хабарланған жаңа ықшам ауданның құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл «Жас Өркен» жаңа шағын ауданының ауқымды құрылысын бастадық. Бұл үшін өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған, тозығы жеткен 500 жер үй бұзылып, орнына 2,5 мың жаңа пәтер салынады. Үй иелеріне өтемақы алу немесе жайлы жағдай жасалған баспана таңдау құқығы беріледі. Тұрғындардың 70 пайызы баспана алуға келісті», - деді Құмар Ақсақалов Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімінің айтуынша, жаңа ықшам ауданда 300 орындық концерт залы мен 150 орындық мәжіліс залы бар, IT-технологиялар орталығы бар, жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асатын төрт қабатты Оқушылар сарайы тұрғызылады. Сондай-ақ, 4 жабық және 3 ашық теннис алаңы бар әмбебап теннис орталығы мен зәулім тұрғын үйлер салынады.

«Қазіргі уақытта шағын аудан маңындағы көпірді толық жөндеуден өткізіп жатырмыз. Әзірге үш үйдің, Оқушылар сарайының және теннис орталығының құрылысы басталды. Бес үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Тағы алты үйдің құрылысы арғы жылдың еншісінде», - деп өз сөзін толықтырды әкім.

Айта кетейік, жаңа ықшам ауданның салынатынын қазақстандық БАҚ 10 жыл бұрын хабарлаған еді. Қала дамуының бас жоспарын ҚР Үкіметі 2007 жылы бекіткен.

Соңғы жаңалықтар