Петропавлда 10 жасар науқас қызды құтқару үшін ерекше акция өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1 қыркүйек қарсаңында «Гүлдің орнына балалар» атты ерекше акция өтіп жатыр. Жиналған қаражат 10 жасар Вероника Шилованың отасына жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 жастағы Вероника Шиловаға бас миының обыры диагнозы қойылған. Петропавлдағы 43 мектептің оқушысы биыл да 1 қыркүйекте мектепке бармайды. Бұған дейін бірнеше отаны өткерген жасөспірімге тағы да қымбат ем қажет.

Әлеуметтік желідегі @veronika_help2019 парақшасында Білім күні қарсаңында «Гүлдің орнына балалар» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Акцияның мақсаты 1 қыркүйек күні ұстазға сынып атынан бір шоқ гүл сыйлап, ал қалған гүл шоқтарына жұмсалатын ақшаны сырқат баланың шотына аудару.

«Ем-дом өз нәтижесін беріп жатыр. Қызымыздың жағдайы жақсарып келеді. Сол себепті бізге көмек қажет, емді соңына дейін жеткізу үшін, ауруды жеңу үшін. Біз кез-келген көмекке разымыз. Сіздерсіз біз бұл қиындықты жеңе алатын емеспіз», - деп жазды қыздың анасы Элина Шилова.

Элинаның айтуынша, Вероника қазір Санкт-Петербург қаласында 1 қыркүйек күні протонды-сәулелі терапия алады. Толық ем алу үшін әлі де 402 мың рубльдей жетпейді.

«Гүл солып қалады, ал біздің Вероника міндетті түрде өмір сүреді. Ал келесі жылы осындай қайырымдылық акциясына оқушы ретінде қатысады», - деп жазды үмітін үзбеген анасы.


Соңғы жаңалықтар