Петропавлда 10 жасар баланы көлік қағып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда автожолдан өтіп бара жатқан 10 жасар баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Букетов көшесін белгіленбеген жерден қиып өтпек болған 2010 жылы туған баланы « Тoyota Avensis» көлігінің жүргізушісі қағып кетті. Жарақат алған бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Осы дерекке қатысты материал жиналып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавлдағы әкімшілік полиция бөліміне тапсырылды.

Жазғы демалыс қарсаңында полицейлер мен мұғалімдер оқушыларға жолда жүру ережесін: белгіленген жерлерде ғана жолды кесіп өтуге, велосипед және самокатпен жүрген кезінде жол қозғалысы ережелерін және жолдардағы басқа да қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға ескертіп, кешенді профилактикалық шаралар жүргізді. Соған қарамастан, облыс орталығының көшелерінде балалар жиі жарақат алып жатады.

«Балалар демалыста көп уақыттарын далада өткізеді. Ересектер оларға бақылауды екі есе күшейтулері керек, үнемі профилактикалық әңгімелер жүргізулері қажет. Велосипедпен жаяу жүргіншілер жолағынан өту тәртібі жайында, жол жүру ережелері туралы үнемі айтылғанымен, жол қозғалысына қатысушылар, оның ішінде мектеп жасындағылар жолдағы тәртіпті сақтамай жатады. Салдарынан жолдағы апатқа әкеліп жатады», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Полицейлер жаяу жүргіншілер жиі қолданатын құлаққаптарды жолда тағып жүрудің қауіпін еске салды. Бағдаршам немесе реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жүретін велосипедшілер де жолда жүру ережелерін қатаң сақтағаны дұрыс. Велосипедші кенеттен шығып қалса, жылдамдық режиміне байланысты жүргізуші көлігін тежеп үлгермей қалу мүмкін.

«Тек жол қозғалысы ережелерін сақтау мен қырағылық - жолдағы қауіпсіздік кепілі бола алады», - дейді тәртіп сақшылары.


Соңғы жаңалықтар