Петропавлда 1 маусым күні балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 1 маусым күні 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүрмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Петропавл қалалық әкімдігі хабарлады. Жалпы бұл күні балаларға арналған ауқымды мерекелік бағдарлама жоспарланған.

Іс-шара, баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 13.00-де басталады.

Мәселен, орталық алаңда «Балғын балалар - біздің болашағымыз!» атты концерттік бағдарлама, шахмат турнирі, «Summer dance» атты қала мектептерінің шығармашылық топтарының қатысуымен заманауи билердің фестивалі өтпек.

Ал балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы алдындағы алаңда балалар асфальтта сурет салудан жарысып, робототехникадан шеберлік сағатына қатыса алады.

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті «Менің қауіпсіздігім өз қолымда» атты арнайы бағдарлама ұсынбақ.

Өрт сөндірушілер балалармен түрлі викториналық ойындар ойнап, эстафета және ән байқауын ұйымдастырмақ.

Мақсат – жазғы демалыс алдында балалардың есіне өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салу.

Оқушылар сарайында «Балалар ғылым әлемінде» атты ғылыми фестиваль өтпек.

«Динамо» стадионында «Бір аспан – бір әлем» атты ұшу аппараттарының облыстық байқауы өтеді.

Тұңғыш Президент саябағында жасөспірімдер арасында шағын футболдан турнир, бард әндерінің фестивалі, спорттық эстафеталар жсопарланған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің арт-орталығында, Жеңіс саябағында да мерекелік бағдарлама жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар