Петропавл жылу орталығындағы апатқа байланысты көрші облыстардан мамандар шақырылды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл жылу-электр орталығындағы опырылып түскен мұржа жөнделе ме, қайта салына ма – мамандар сараптамасынан кейін белгілі болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы жылу-электр орталығындағы апатқа байланысты көрші облыстардан мамандар шақырылды.

«Өскемен мен Павлодардан мамандар келеді және басқа қалалардан да іздестіріп жатырмыз. Олар опырылып түскен мұржаның қазіргі жағдайын анықтайды. Қазір үш нұсқасы бар: яғни жағдайын анықтау, техникалық жағдайы қазір осы тұрған күйінде де жұмыс істей беруге мүмкіндік береді. Екіншісі оны бұрынғы қалпына келтіріп, құлаған жерін салуға болады, оған да мүмкіндік бар. Ал үшіншісі - жаңа түтін мұржасын салу. Сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Қалған екі мұржа істеп тұр», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Түтін мұржасының ұзындығы - шамамен 150 метр, соның 40 метрі құлаған.

«Электр жарығы, ыстық су сөндірілмейді. Біз қазіргі уақытта техникалық құраммен толық қамтылдық. Бүгін «Павлодар-Энергодан» тағы 30 маман келе жатыр. Президенттің тез арада мәселені шешу тапсырмасы бар. Бізде апаттың салдарын жоюға техника да, адамдар да жеткілікті. Ертең таңертең біз апатқа дейінгі жылу режимін береміз деп ойлаймын», - деді «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.

Компания акционерінің айтуынша, қазіргі уақытта мұржадан бетон плиталар салбырап тұр, сондықтан ол жерде жұмыс істеу аса қауіпті.

Бұл да үйінділерді тез аршуға кедергісін келтіріп жатыр.

«Әділет министрлігінің комиссиясы бар. Ол комиссия шығын көлемін, құлауына не себеп болғанын, жөнге келтіру үшін қанша қаражат керек екенін анықтайды. Бізде құжат бойынша мұржаның техникалық жағдайы жақсы. Әр бес жыл сайын мұржалардың жағдайы тексеріліп тұрады. Келесі жылы ол тексерілуі тиіс еді. Сондықтан оның құлауына қатты жел ғана емес, басқа факторлар да себеп болуы мүмкін», - деді Александр Клебанов.


Соңғы жаңалықтар