Петропавл жылу орталығындағы апат: Жағдай қалыпқа келе бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС-де бесінші қазандық агрегаты іске қосылып, нысан қалыпты көрсеткіштерге орала бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 17.00-де жылу-электр орталығындағы бесінші қазандық агрегаты қосылды.

Қазіргі уақытта электр қуаты генерациясы 105 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артты.

Жылу беру көрсеткіштері де жоғарылап келеді. Жоспар бойынша беру/кері қайту 70°С/50°С болса, қазір 58°С/40°С-қа дейін көтерілді.

Естеріңізге салайық, 20 наурыз күні сағат 19.20-да Петропавлдағы жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлап, салдарынан 5 қазандық агрегатын тоқтатуға тура келген еді. Облыс орталығына жылуды екі қазандық агрегаты ғана берді. Салдарынан тұрғын үйлерде жылу күрт төмендеді.

Осы апатқа орай Президент СҚО әкіміне тұрғындарды тез арада жылумен қамтуды тапсырды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған.

СҚО прокуратурасы «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС директоры мен бас инженерінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

Ал үйінді астында қалған жұмысшы әйелдің денесі бүгін таңертең табылды. Компания басшылығы мерт болған машинистің отбасына көмек көрсететін болды.


Соңғы жаңалықтар