Петропавл жылу орталығында мерт болған жұмысшының отбасына көмек көрсетіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС түтін мұржасы құлаған кезде үйінді астында қалып мерт болған жұмысшының отбасына материалдық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СевКазЭнерго» АҚ басшылығы мен ұжымы Петропавл «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС-де мерт болған Наталья Чефонованың отбасына және туыстарына қайғырып көңіл айтты.

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, компания басшылығы Н. Чефонованың отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қайтыс болған жұмысшының бес жылдық еңбекақысы мөлшерінде отбасына қаржылық өтемақы төлеу түрінде қолдау көрсетеді, сондай-ақ Н. Чефонованың баласының білім алу шығындарын жабады. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды жұмыс беруші жақ өз мойнына алмақ.

Апаттың себебі мемлекеттік комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болмақ.

Естеріңізге салайық, 20 наурыз күні Петропавлдағы «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС түтін мұржасы опырылып түсіп, қазандық цехында жұмыс істеп жатқан машинист-қараушы Наталья Чефонова үйінді астында қалды. 1984 жылы туған әйелді арнайы қызметтер бір тәулік бойы іздеді. Бүгін сағат 10.30-дар шамасында әйелдің денесі табылды.

Наталья Чефонованың артында 15 жастағы баласы қалды.


Соңғы жаңалықтар