Петропавл жылу электр орталығында екі қазандық апаттық жағдайда, жетеуі істеп тұр

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы екінші жылу-электр орталығында 12 қазандық агрегатының жетеуі істеп тұр. Жылу маусымы штаттық режімде өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінде жылу маусымының өту барысы және №2 ЖЭО жұмысының сапасын арттыру мәселесі қаралды.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Евгения Островскаяның айтуынша, 24 қыркүйек басталған жылыту маусымы өңірде кестеге сай өтіп жатыр.

Облыс орталығын жылумен қамтитын 2-ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта 12 қазандық агрегатының жетеуі жұмыс істеп тұр. №1,11 қазандықтар апаттық жөндеуде, №3 қазандық жоспар бойынша жөнделсе, №2 қазандық қалпына келтіріліп жатыр. Ал 7 турбоагрегаттың бесеуі іске қосылған, екеуі – резервте», - дейді Евгения Островская.

«Севказэнерго» АҚ №2 ЖЭО-ның жұмысын қалпына келтіру мақсатында Жол картасын жүзеге асырып жатыр.

Оның аясында кәсіпорында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын атқару үшін акционер 17 млрд теңге бөлді. Оның 12,5 млрд теңгесі былтыр игерілді.

Қалғаны биыл жұмсалады. Жөндеу жұмыстары 230 жұмысшысы бар мердігер компанияға бекітілген.

Биыл 20 наурызда жоспарлы жұмыс жүріп жатқан №3 қазандықта жөндеу аяқталады.

«№2 ЖЭО-да көмір мен мазуттан да тапшылық жоқ. Қазір орталықта 133 мың тонна көмір бар, бұл 22 тәулікке жетеді. Жолда тағы 4,5 мың тоннасы келе жатыр. Бұдан басқа 1365 тонна мазут» бар», - дейді Евгения Островская.


Соңғы жаңалықтар