Петропавл: Жаңа құрылған «Жас өркен» ықшамауданында 250 орындық емхана салынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласына былтыр 12,5 млрд теңге бөлініп, көптеген қымбат және заманауи қондырғылар алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысы өтіп, өткен жыл қорытындыланды.

Өңірдің денсаулық сақтау саласына былтыр бөлінген 12,5 млрд теңге 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бұл ақшаға облыстық ауруханада 11 жыл жұмыс істеген МРТ аппараты ауыстырылды, нәтижесінде кезек 4 есе қысқарып, енді сырқаттар 3 ай емес 3 апта күтетін болған. Ал мидағы ісікті анықтау 4%-ке артқан.

Бұдан басқа 2008 жылы алынған ескі ангиограф ауыстырылды. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары диагностикасын жақсартты.

«Жақын күндері облыстық ауруханада 3 деңгейлі инсульт орталығын ашамыз. Осыған байланысты тағы бір ангиограф аламыз. Ол бас миы тамырларына ота жасауға осылайша мидағы қан айналымы бұзылған алғашқы сағаттарда болатын өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді», - деді Құмар Ақсақалов.

Компьютерлік томографтардың саны 4-ден 6-ға дейін артты. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, тыныс алу мүшелерінің ауруларын дер кезінде анықтауға әсер етті.

Онкологиялық диспансерге, Ақжар, Жамбыл, Тимирязев және Уәлиханов аудандарының орталық ауруханаларына цифрлық маммографтар алынды.

Былтыр сондай-ақ бірер айдың ішінде 7 млрд теңгеге 200 орындық инфекциялық аурухана бой көтерді. 38 жедел жәрдем көлігі алынып, облыс онымен 100 % қамтылды. Сондай-ақ заманауи көшпелі 8 медициналық кешен сатып алынды.

Денсаулық сақтау саласына қаржының мол бөлінуі кей көрсеткіштер бойынша оң динамика берді. Соның ішінде онкология бойынша өлім-жітім 13 %-ке, жүрек талмасы бойынша 10 %-ке, туберкулез бойынша 36 %-ке азайды.

Биыл «Береке» ауданындағы 250 орындық емхананың құрылысы жалғасады. Дәл осындай емхана жаңа ықшам аудан – «Жас өркенде» де пайда болмақ.


Соңғы жаңалықтар