Петропавл зейнеткерлері компьютерлік клубқа барып жүр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Булаево қаласында зейнеткерлер компьютер үйренуде. Оқыту курстары қариялар үшін тегін жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға қарасты Булаево қаласында ашылған клуб - жастардың жобасы. 5 адамнан құралған бастамашыл топ күзде «Zhas Project» жастар жобасының грантын жеңіп алған болатын. Олар 1 млн теңгеге қажетті қондырғылар мен компьютерлер сатып алған. Сондай-ақ арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеген.

«Менің анам компьютерді қалай пайдалану керектігі жайында үнемі сұрап отырады. Оған ғаламторда жұмыс істеуді, әлеуметтік желілерге тіркелуді көрсеттім. Еш қиындықсыз үйреніп алды. Осыдан кейін неге басқа зейнеткерлерді компьютерге үйрететін клуб ашпасқа деген ой келді. Өз ойымды достарыма айтып едім, олар бірден қолдап әкетті», - дейді бастамашыл топтың жетекшісі Талғат Зағипаров.

Талғат Зағипаров М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің түлегі, ақпараттық технологиялар факультетінде білім алған. Қазір аудандық білім бөлімінде еңбек етеді.

Компьютерлік клуб аптасына үш рет, екі сағаттан жұмыс істейді. Бұл жерде зейнеткерлер компьютермен жұмыс істеудің негіздерін біліп қана қоймай, «электрондық үкімет» сайтымен танысып, кейбір мемлекеттік қызметтерді осы жерден алуға үйренеді. Екі айдың ішінде курстан 9 зейнеткер өтіп, жастарды алғыстарына бөлеген. Клубты ұйымдастырушылардың айтуынша, компьютерді үйренуге тілек білдірушілер көп, алайда, барлығын қамтуға жағдай жоқ. Қаңтар айының соңына дейін тағы 20 шақты қарияның компьютерлік сауатын ашу жоспарда бар.  

 

 

 

Соңғы жаңалықтар