Петропавл тұрғынынан 1,7 мың литр контрафактілі алкоголь тәркіленді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі жеке үйлердің бірінің ауласынан полицейлер контрафактілі өнімдерді тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел ақпаратты тексеру барысында Петропавлдың Жұмысшы кентінде контрафактілі өнімнің тағы бір қоймасын анықтады. 61 жастағы жергілікті тұрғынның қора-қопсысынан әр түрлі маркалы акцизделмеген 4 мың қорап темекімен бірге 1 735 литр арақ пен коньяк, одан бөлек осы ішімдіктерді жасауға арналған спирт тәркіленді. Алынған өнімнің үлгілері сараптамаға жіберілді.

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша материал жиналды.

«Ішімдіктің салдарынан болатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл – полицейлердің профилактикалық жұмыс жүргізудегі маңызды бағыттарының бірі. Заңсыз өнім экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жүргізген жұмысы нәтижесінде тәркіленді. Қазіргі уақытта бұл өнімнің қайдан алынғаны және өткізу жолдары анықталып жатыр. Сапасына ешкім кепілдік бермейтін спирт өнімін пайдалану денсаулыққа қауіпті екендігін ескертеміз. Бұдан бөлек, спирттік ішімдіктер ауыр қылмыстардың жасалуына себеп болады. Заңсыз алкогольді тәркілеудің әр фактісі – оның таралуына тосқауыл», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Фото: portalkomunalny.pl


Соңғы жаңалықтар