Петропавл тұрғыны полицияға өте көне қару тапсырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының тұрғыны жер телімін сатып алып, ол жерден екі аңшы мылтығы мен тапанша салынған қап тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аңшы мылтықтары осы замандағы кәдімгі қосауыздар. Ал тапанша 1930 жылы шыққан «Наган» атауымен белгілі көне қару екені анықталды. Оны мамандар саралап, 3-ші дәрежелі және қолдануға жарамсыз деген баға берді. Ол қаруды тапсырған адамға 30 300 теңге төленеді. Барлық тапсырылған қарулар үшін 130 мың теңге төленуі мүмкін.

«3 аптаға жетпейтін уақытта қару сатып алуға бюджеттен бөлінген қаражат игерілді. 80 қару тапсырылды, төленуі тиіс қаржы көлемі 4,5 млн теңге»,-деді баспасөз қызметіндегілер.

Солтүстікқазақстандықтар тапсырған қарулардың басым бөлігін тегіс ұңғылы, иір ойықты қарулар құрап отыр. Дәрежесіне қарай оларға 22 725, 53 025 немесе 75 750 теңге төленеді.

«Акцияның мақсаты - бұрын қару-жарағы бар және оны осы уақытқа дейін сақтап келген адамдар оны ресми органдарға өз еркімен өткізсе, жауапкершіліктен құтылады. Алайда, оның қандай да бір қылмысқа қатысы болмауы керек. Егер тапсырылған қару қылмыстық мақсатта қолданылмаған болса, полиция оны иесінің қайдан алғанына мән бермейді», -дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар