Петропавл тұрғыны полицияға бір жарым ғасырлық тарихы бар револьвер тапсырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының тұрғыны полицияға 1865 жылы шығарылған көне револьверді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығының тұрғыны қалалық полиция басқармасына револьвер тапсырды.

Жедел-криминалистикалық бөлініс қызметкерлері анықтағандай, қару 1865 жылы жасап шығарылған Webley №2 «Бульдог» маркалы револьвері болып шықты.

Ер адамның айтуынша, ерекше олжаны ол қала маңындағы Мещан орманынан тауып алған. Қару атуға жарамсыз деп танылды. Петропавлдыққа 30 мың теңгеге жақын өтемақы төленетін болады. Тағы бір көне 1895 жылы шығарылған револьвер «наганды» облыс тұрғыны сәуір айының соңында тапсырды. Ал негізінен солтүстікқазақстандықтар мылтық тапсырады екен.

«Естеріңізге сала кетейік, тіркелмеген қару үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Бірақ қаруды өз еркімен әкеліп тапсырған азаматтар жауапкершіліктен босатылады. Жақында облыс аумағында «Жолда қабылдау» акциясын өткіздік. Оның барысында ішкі істер органдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы сұрақтар жиі қойылды. Солардың бірі - қаруды тіркеу.

Пресновка селосының тұрғыны акция кезінде қаруды туысының атына қайта тіркеуге қатысты сауалына жауап алды. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтарды жарақат салатын қаруды ұстауға рұқсат алу туралы сұрақтары да қызықтырды», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Тәртіп сақшылары түсіндіргендей, заңнама бойынша мұндай қару түрін тіркеу және қолдану бойынша рұқсат тек заңды тұлғаларға ғана беріледі.

Тіркелмеген қаруды тұрғындардан сатып алу бойынша басталған акция барысында петропавлдықтар 27 қару тапсырса, соның ішінде тарихи құндылыққа ие раритеттер де бар екен.

Соңғы жаңалықтар