Петропавл тұрғыны құты қақпағынан түрлі картина жасайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны пластик құтылардың қақпағынан түрлі картина жасаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Владислав Волошиннің бұл істі қолға алғанына үш жыл болған. Осы аралықта ол дельфин, аққу, әтеш секілді түрлі жануарды бейнеледі. Қазір картина саны оннан асып кеткен. Аттың бейнесі – оның соңғы жұмысы.

«Бұл картинаны он күндей жасадым. Таңғы сағат 5.00 тұрып істеген кездерім де болды. Әйелім «еріккенсің, таста қайтесің» деп те ұрысты. Бірақ маған қолөнермен айналысу өте ұнайды. Мына жұмысқа екі мыңнан астам қақпақ және сонша бұранда жұмсадым. Нәтижесі көңілімнен шықты», - дейді ол.


Шебер әке қолөнерге ұлдарын да баулып жүр. Кенжесі саймандарын әперіп тұрса, үлкені қақпақты түсіне қарай топтастырып отырады.

«Бұл істі ойламаған жерден бастадым. Үш жыл бұрын тауық жылы болды да, біз балаларыммен осы жылдың бейнесін жасауды ұйғардық. Ол үшін қаражат аз кететін, қолжетімді материал қажет еді. Пластик бөтелкенің қақпағын таңдадық. Бұл материал аяқ астында жатыр ғой. Кейін біздің бөтелке қақпағын жинайтынымызды естіп таныстарым, туыстарым, әріптестерім дорба-дорба қылып әкелетін болды. Қоқыс полигондарынан да жинаған кезіміз болды», - дейді Владислав.


Қала тұрғыны бөтелке қақпақтарымен есік алдын да безендірген. Оның айтуынша, жолды жасауға 3 мың 700-ге жуық қақпақ жұмсалған. Ендігі арманы – ақ қайыңдар арасында тұрған мешіт бейнесін жасап шығу. Ол үшін қажет қақпақты жинауды бастап та кеткен.


Соңғы жаңалықтар