Петропавл тұрғыны көлге батып арам өлген малды сойып, базарға өткізген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Операция басталғалы 13 құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы өңірде 15 қараша басталды. Операция аясында өңір полицейлері ветеринарлық қызметтің инспекторларымен бірге ет сататын базарларды тексеріп жатыр. Мақсаты – мал ұрлығын ашу, ұрланған мал етінің саудаға шығуына жол бермеу. Іс-шараның алғашқы күнінде 33 сауда орны, мал және ет өнімдерін тасымалдаған 73 автокөлік тексерілді. Мамандар облыс аудандарында 100-ге тарта фермерлік шаруашылық пен мал қамау орындарын аралап шықты. Нәтижесінде ветеринария саласында 13 құқық бұзушылық тіркелді.

Петропавлдағы базарлардың бірінен қолдануға жарамсыз ет өнімі анықталды. Қала тұрғыны М.Жұмабаев ауданынан тиісті құжаттарсыз үш жылқының етін әкелген. Тексеру барысында малдың арам өлгені белгілі болды. Олар көлде суға батып кеткен. Ет тәркіленіп, жойылуға жіберілді. Ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылды.

«Сондай-ақ мал бағу ережелерін бұзудың 31 дерегі анықталды. бұзушылығы анықталды. Күз және қыста кей ауыл тұрғындары жылқыларын тебінде бақташысыз ұстайды. Еркін жайылымда жүрген мал жолға шығып кетіп, көлік жүргізушілеріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ бақташысы жоқ түлік ұрыларға оңай олжа. Облыс тұрғындарынан заңнаманы қатаң ұстанып, малдарын еркін жайылымға жібермеулерін сұраймыз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында бұрын жасалған екі мал ұрлығы ашылды. Облыста жыл басынан 31 мал ұрлығы тіркелді. Олардың бүгінде 26-сы ашылды. Барлығы 185 бас мал ұрланды, 175-і табылып, иелеріне қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар