Петропавл тұрғыны экзотикалық жәндіктердің 40-қа жуық түрін асырап отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Тагир Рамазанов сирек кездесетін экзотикалық жәндіктерді жинап, өсірумен айналысады. Қазір оның топтамасында түрлі рептилиялар, өрмекшілер, сондай-ақ сарышаяндар, кесірткелердің 40-қа жуық түрі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Тагир Рамазановтың биологияға еш қатысы жоқ, тіпті географ мамандығын да алмаған.

Десек те, топтамасындағы құрт-құмырсқа, жәндіктер жайында, олардың Отаны мен ерекшеліктері туралы сағаттап айтуға бар.

Арманы орындалып, бала кезгі қызығушылығын жүзеге асырды.

«Түрлі құрт-құмырсқаға бала кезден әуеспін. Ал 2018 жылы алғашқы пиранья балықтарын сатып алдым. Олар жыртқыш балықтар. Осылайша, бала кезгі арманым орындалды. Содан басталды десе де болады.

Пираньяларды тамақтандырған сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде орналастыра бастадым. Бұл жұрттың қызығушылығын тудырды. Менің арнама жазылушылар саны артты. Бірде үлкен Мадагаскар тарақанын сатып алдым. Оны пираньяларға азық ретінде беріп, ролик түсірмек болдым.

Алайда үйге келгесін балам тарақанды көріп, «әке, бұл шуылдайтын Мадагаскар тарақаны» ғой деп қуанғаннан айғайлап жіберді. Мен оған дейін оның атауын да білмеген едім. Осыдан кейін оны үйде қалдырамыз деп шештік.


Содан кейін сирек кездесетін өрмекшілер пайда болды. Осылайша топтамамда экзотикалық жәндіктер көбейе түсті. Омбыдан жүгері жыланын тапсырыспен сатып алдым. Маған әкелгенде үлкендігі бау сияқты ғана еді. Екі жарым жылдың ішінде өсіп, ұзындығы метрден асты.

Одан кейін кап кесірткесі пайда болды. Африкалық бауырымен жорғалаушыны Алматыдағы зоодүкеннен сатып алдым. Қазір өрмекшілердің көптеген түрі, жыландар, сарышаяндар, геккон бар», - дейді Тагир Рамазанов.

Қазір оның топтамасында қырық шақты жәндік бар.

«Негізінен өзіме ұнағандарын сатып аламын. Соның ішінде суыққандыларына таңдау түседі. Өйткені оларға ерекше күтім қажет емес, яғни ит-мысық сияқты далаға бір мезгіл шығарудың қажеті жоқ. Олар таза, иіс болмайды, сондай-ақ аллергия туғызбайды. Кейбірінің түріне қарап қорқасың, ерекше эмоция сыйлайды. Достарым келгенде, мәселен үлкен өрмекшіні көрсеттім, сол кезде олардың сезімін көрсеңіз ғой. Сондықтан да таңдау осындай ерекше жәндіктерге түсті.

Гоша атты кілем жыланын Петропавл тұрғынынан сатып алдым. Ол оны үй жануары ретінде ұстаған, кейін отбасылық жағдайларға байланысты сатты. Маған келгенде кішкентай ғана еді, қазір, ұзындығы 1,5 метр шамасында. Аптасына бір рет егеуқұйрықпен тамақтандырамын.

Жыланның террариуымында міндетті түрде ағаштың кепкен бұтағы болуы тиіс, өрмелеп ұйықтауы үшін. Термо кілемше керек. Сондай-ақ су ішіп, шомылуы үшін ыдыспен су қою қажет. Біз оны ыдыстан шығара қоймаймыз, өйткені қолмен ұстағанды жек көреді. Шақпағанымен, ысылдап мінезін көрсетеді», - дейді Петропавл тұрғыны.

Ал коллекциясындағы ең қымбаты – Сальвадор кесірткесі мен Жолбарыс жыланы. Олардың әрқайсысын 250 мың теңгеге сатып алған.

«Сальвадор кесірткесі әлемдегі ең үлкен ұзындығы 3 метрге дейін жететін Комодо кесірткесінен кейін ірілігі бойынша екінші орында тұр. Жаңа Гвинеяда мекендейді, кейде оны қолтырауын кесіртке деп те атайды. Ол орташа 2,5 метрге дейін өседі. Қазір мендегі кесірткенің ұзындығы бір метр ғана, ол әлі өседі. Жалпы оның мінезі жұмсақ, тамағын уақытында беріп отыру қажет», - дейді Тагир.

Қазір өңір тұрғындары экзотикалық тіршілік иелерін алысқа бармай-ақ көре алады, өйткені шетелге шығуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

Тагир Рамазанов террариумдар пәтерге сыймағандықтан, нысанды жалға алып отыр. Қазір хоббиі аз да болсын табыс әкеле бастаған.

Экзотикалық жәндіктердің көрмесін ұйымдастырады. Сүйікті ісімен айналысу үшін 13 жыл еңбек еткен кәсіпорыннан кетті.

Жылу-электр орталығында жігіт темір ұстасы болып еңбек еткен екен.

«Мен келушілерге кей жәндіктерді қолға ұстауға рұқсат беремін. Суретке түсіп жатады. Біздің облыста мұндай сирек кездесетін жәндіктердің осындай үлкен топтамасы жоқ.

Жәндіктерге қажетті жемазықты өзім дайындауға тырысамын. Сол үшін тарақандардың он шақты түрін өсіремін. Бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан қосымша сатып алуға тура келеді. Оны Теміртау немесе Алматы қаласынан тапсырыспен алғызамын», - дейді экзотикалық жәндіктерді өсіруші.

Тагир Рамазановтың жоспары көп, топтамасын әлі де үлкейткісі келеді.

«Кайман қолтырауын алғым келеді, сондай-ақ, көптен қолым жетпей жүрген кесіртке түрі бар. Бұдан басқа тарақандар мен өрмекшілердің, сарышаяндардың жаңа түрлерін алмақпын. Тағы бір арманым – ветеринар мамандығын алып шығу. Ол уақыт еншісінде», - дейді Петропавл тұрғыны.


Соңғы жаңалықтар