Петропавл тұрғыны әйелдер зорлығына қатысты музыкалық клип түсірді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсылығын білдіріп, музыкалық клипті жарыққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Ксения Шембергер туындының авторы және орындаушысы. «THE DOLL», яғни «қуыршақ» деп аталатын музыкалық клипті көрермен назарына ұсыну үшін ол жеті жылын жұмсаған екен. Оның ойын жүзеге асыруға Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актерлері қолдау көрсетіпті. Бүгінде дайын өнім әлеуметтік желіде жұртшылық назарына ұсынылды.


«Клиптің негізгі идеясы - әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіру. Мен өмірде өз басымнан өткердім, сондықтан оның қаншалықты қорқынышты екенін білемін. Мұндай жағдай басынан өткен адамға оны ұмыту өте қиын. Әйелдер зорлыққа шыдамай, жария етуі керек. Өздеріне көмектеспесе, көмек сұрамаса - арты қайғылы аяқталуы мүмкін», - дейді Ксения Шембергер.


Ксения Петропавлдағы колледждердің бірінде музыкалық жетекші болып еңбек етеді. Әлеуметтік жобасы арқылы автор қыз-келіншектерге ой салуды мақсат еткен. Өйткені көпшілік жұртқа жария етуді ұят санап, іштей тынады. «THE DOLL» атты музыкалық клипі арқылы адамдардың бұл мәселеге деген көзқарасын өзгертпек.



Соңғы жаңалықтар