Петропавл тұрғыны әйелдер колониясының маңына есірткі жасырған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда әйелдер колониясының іргелес аумағына синтетикалық есірткі жасырған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/6 мекемесінің, яғни әйелдер колониясының қызметкерлері мекеме маңында жүрген Петропавл тұрғынын ұстаған. Мән-жайды анықтау барысында ер адам күдік тудырған. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері оны тексеріп, нәтижесінде есірткіге ұқсас зат салынған 10 түйіншекті тапты.

Мекеме қызметкерлері колония маңайын қосымша тексеріп, есірткі заты салынған тағы бір түйіншекті тапты.

«Ұсталған азаматтың тұрғылықты жері тексеріліп, үйінен 84 гр кристалды зат және 17 түйіншек синтетикалық зат табылып, тәркіленді. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің Алматы облысының тумасы екендігі және есірткі заттарын шартты жерге тығып таратумен айналысатындығы анықталды», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Ұсталған ер адамға қатысты 297-баптың 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар