Петропавл тұрғыны 200-ден астам қаңғыбас итті асырауына алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны үйінің ауласында қаңғыбас жануарларға итжатақ салып, 200 итті асырап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Роман Ширяев бұрын қаңғыбас итті өзі тауып асырауына алса, қазір оның бұл ісін білетіндер жануарларды әкеліп тапсыратын болған. Иттің бірінен иесі бас тартып, далада қалдырса, енді бірі көлік астына түсіп, жарақат алғаннан кейін ешкімге керегі болмай қалған. Қаңғыбас жануарларды орналастыру үшін оған бау-бақшадан бас тартуға тура келіпті.

«Кейбірін өлім аузынан алып қалдық. Оларға біз көмектеспесек кім көмектеседі? Қазір біз туралы көп адам біледі. Иесіз жүрген ит болса немесе көлік қағып кетсе бірден бізге хабарласады. Барып алып кетемін. Емдеймін, екпесін өзім саламын. Арнайы білімім жоқ. Көп нәрсені интернет арқылы үйренуге тура келді. Өкінішке орай, ветеринарлық орталықтарда бізге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған», - дейді Роман Ширяев.

Романның күні иттерді тамақтандырудан басталады. Жануарларды асырау үшін қомақты қаражат жұмсалады, сауда орындарынан аптасына ғана 200 келідей сүйек-саяқ сатып алады. Қала тұрғындары да азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, қаржылай да көмектесіп тұрады екен.

«Тамақтандырып болғасын астын жинаймын. Кейін күні бойы иттерге ботқа пісіремін. Итжатақтарды қолда бар тақтайлардан құрастырып жасадым. Енді жылы болуы үшін сыртын қаптамақшымын», - дейді Роман.

Итті «далада қалмасын» деп бірі мұнда әкеліп тапсырып жатса, енді бірі керісінше, асырауға алады екен.

«Әр иттің мінезі бар. Бірақ көбіне олар ақылды, мейірімді. Өзіне қауіп төнгенде, бір нәрсе ұнамағанда ғана қауып алады. Үйді күзету бұл жануардың қанында бар. «Үйлерін, қора-қопсысын күзетсін» деп алып кетіп, ұнатпай қайтып әкелетіндер бар. Ит те жаңа жерге үйренуі қажет, адамға бауыр басуы керек», - дейді қала тұрғыны.

Қазір Романның асырауындағы иттердің саны 200-ден асты.



Соңғы жаңалықтар