Петропавл тұрғындары әлеуметтік желіде қардың қалыңдығына шағымданды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл тұрғындары әлеуметтік желіде көше бойында үйіліп қалған қардың көптігіне шағымдануда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Осы аудандағы (Бензострой) басты көшелердің бірі саналатын Батыр Баян көшесіндегі қарды дұрыс тазаламаған, ал басқа көшелерді мүлдем ұмытқан!», - деп жазады қолданушылар.

Облыс орталығындағы басқа мөлтекаудандардың тұрғындары да қар мәселесін сөз етуде. Подгоры ауданының тұрғындары жеке секторда балаларын омбы қарды кешіп, мектепке алып баратынын атап өтті. Мұндай жағдай Рабочий кентінде де орын алған.

Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, қаладағы қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Көшелерді тазалау үшін 108 техникасымен 9 кәсіпорын жұмылдырылған.

Синоптиктердің ақпаратына сүйенсек, осы демалыс күндері өңірде онкүндік қардың нормасы түскен. Петропавлда 8 мм норманың 5-7 мм қар жауған.

«Қалада төрт тәулік бойы қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Петропавл көшелерінде кептеліс туғызбас үшін қарды түнгі мезгілде шығарып жатыр. 1 қаңтардан 10 қаңтар аралығында 47 мың текше метр қар шығарылды. Күн сайын 6 мың текше метр қарды алып кетуде», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Қыс мезгілінде Петропавлдың коммуналдық қызметі жалпы 300 мың текше метр қар шығарған.

Соңғы жаңалықтар